Ақтауда тұрғын тергеу изоляторында отырған танысына тыйым салынған зат өткізбек болып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оған 30 275 теңге айыппұл салды. Бұл туралы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға қалай болды?
Азамат Маңғыстау облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №77 мекемеге келген. Ол қамаудағы танысына екі құты тыйым салынған затты беріп жіберуді көздеген. Алайда мекеме қызметкерлері тексеру кезінде күмәнді құтыларды бірден анықтап, тәркіледі.
Сот неге айыппұл көлемін азайтты?
Іс Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды. Сот отырысында тұрғын өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтты.
Заң бойынша Әкімшілік кодекстің 481-бабы 1-бөлігіне сәйкес, мұндай әрекет үшін 10 АЕК (43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Судья азаматтың бұрын заң бұзбағанын және кінәсін мойындағанын ескеріп, жазаны 30 пайызға жеңілдетті. Нәтижесінде құқық бұзушы мемлекет пайдасына 30 275 теңге төлейтін болды.
Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.