Ақтауда көлік жүргізу құқығынсыз масаң күйде рөлге отырған тұрғын жауапқа тартылды. Оқиға 2026 жылдың қыркүйегінде облыс орталығына қарасты 33 шағын ауданда тіркелген. Ащы су ұрттаған тұрғын Daewoo Nexia маркілі темір тұлпарды тізгіндепті. Бұл туралы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Іс сотта қаралды. Сот отырысында тұрғын кінәсін мойындап, келешекте қайталамаймын деп уәде берген. Сотта оның кінәсі толық дәлелденіпті. Судья тұрғынды Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608 бабы, алтыншы бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, оған 20 тәулік қамауға алу түріндегі жаза кесті.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.