Ақтөбе облысында жаңа "Бадамша-3" жел электр станциясы бой көтермек. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Өңір басшысы Асхат Шахаров итальяндық Eni Plenitude компаниясының жаңартылатын энергетика бағытының басшысы Алессандро Делла Зоппаның кездесті. Жоба аймақтың энергетикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Италиялық инвесторлар аймақта бұған дейін "Бадамша-1" және "Бадамша-2" станцияларын сәтті іске қосты. Олардың жалпы қуаты 96 мегаватты құрайды.
"Бадамша-3" жобасының құрылысына 100 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылады. Бір мың гектар аумаққа орналасатын станцияның белгіленген қуаты 100 мегаватқа жетпек. Құрылыс қарқын алған шақта 30 адам жұмыспен қамтылса, нысан толық іске қосылған соң 150 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Ақтөбе облысы әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, қазіргі таңда қажетті жер телімі бөлініп, ішкі дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Тараптар инвестициялық шешімді алдағы айларда қабылдауды жоспарлауда. Жобалау сәтті жүзеге асса, құрылыс жұмыстары 2027 жылы басталып, станция 2028 жылы толыққанды іске қосылмақ.