Ақтөбе облысында мемлекеттің 82 миллион теңгесін жымқырған есепшілер сотталды. Бұл туралы Ақтөбе облысының прокуратурасы хабарлады.
Шалқар ауданының прокурорлары №5мектеп-лицейін тексеріпті. Тексеріс барысында бас есепші мен өзге бугалтерлер 2021-2024 жылдар аралығында мектеп басшысының электронды цифрлы қолтаңбасын пайдаланып, оқу орны қызметкерлеріне артық жалақы төлегені анықталды. Артық еңбекақы төленген қызметкерлер артылған ақшаны қолмақол есепшілерге қайтарып беріп отырған.
Осы іс бойынша Қылмыстық кодекстің 189 бабы, төртінші бөлігі, екінші тармағы бойынша қылмыстық іс қозалған.
- Шалқар аудандық сотының үкімімен үш кінәлі тұлға сотталды. Бас бухгалтерге сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасы, ал қалған екі сотталғанға жеті жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.Барлық сотталғандарға он жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты сот жазаны өтеуді кейінге қалдырды, - деп хабарлады Ақтөбе облысының прокуратурасы.