Ақтөбеде жүргізушілер екі күннің ішінде 200-ден жүргізуші жол жүру ережесін бұзған. Бұл туралы Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Өңірде «Қауіпсіз жол» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Жол жүру ережесін бұзғандардың үшеуі ащы су ұрттап рөлге отырған, төрт жүргізуші мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз көлік басқарған.
Ал, 41 жүргізуші техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдарын пайдаланғаны анықталды. 19 жүргізуші мемлекеттік немесе міндетті техникалық байқаудан өтпеген көлік құралын басқарған. 16 жүргізуші көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдаланғаны да белгілі болды.
Ал, 72 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпай немесе мотошлем кимей көлік басқарған.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында тоғыз көлік айып тұрағына қойылған. Оның ішінде үш мотоцикл бар.
Тәртіп сақшылары тас жолда заң талаптарын сақтап, жол жүру ережесін ұстануға шақырады.