Ақтөбеде қаланы абаттандыруға бөлінген жүздеген миллион теңгенің заңсыз жұмсалғанын анықтады. Мемлекет қазынасына 1,3 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылып, жауапты шенеуніктер жазаланды. Бұл туралы Ақтөбе облысының прокуратурасы хабарлады.
Шаһар инфрақұрылымын дамытамыз деп тендерге қатысқан мердігерлер жұмысына салғырт қарапты. Жауапты шенеуніктер мемлекеттік тапсырысты орындамай, жосықсыз деп танылған компаниялардан аванс ретінде берілген қаражатты өндіріп алуға асықпаған.
Бұдан бөлек, қаланы көркейтуге қажетті арнайы техниканы лизингке алу кезінде ірі қаржылық қателік кеткен. Шенеуніктер лизингтік компанияға бюджеттен 556 миллион теңгеден астам қаражатты артық төлеп жіберген.
Қалалық прокуратура тексеру жүргізгеннен кейін ғана заңсыз аударылған миллиондар түгелдей бюджетке қайтарылды. Заң бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғалар тәртіптік жазаға тартылды.
2026 жылдың тоғыз айында Ақтөбеде 10,1 миллиард теңге мемлекетке қайтарылды.