Ақтөбеде үш ай бұрын жүргізуші құқығынан айырылған тұрғын тағы да ащы суды ұртап, көлік басқарыпты. Бұл туралы Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Оқиға екінші қыркүйекте таңғы сағат бестер шамасында Сартай батыр көшесінде тіркелген. Полиция қызметкерлері Toyota Avensis автокөлігін тоқтатпақ болған. Жүргізуші бұл талапты ескермей, қозғалысын жалғастырыпты. Тәртіп сақшылары тұрғынның көлігін ілесіп жүріп, тоқтатқан.
— Рөлде 24 жастағы жергілікті тұрғын болған. Тексеру барысында оның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Сонымен қатар жүргізушінің көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Сегізінші маусымда сот шешімімен ер адам көлік құралдарын басқару құқығынан жеті жыл мерзімге айырылған. Алайда үш айға да жетпей қайтадан көлік тізгініне отырған, – деп хабарлады Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда темір тұлпар коммуналды автотұраққа қойылған. Ал жүргізуші болса тергеу изоляторына қамалды.
Полиция қызметкерлері мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген, үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін деп ескертеді.