Маңғыстауда заңсыз жұмыстан қуылған қызметкер құқығын сот арқылы қорғады. Ақтау қаласының №2 сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, шағымданушы Маңғыстау облысының Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде пробация қызметінде инспектор болып еңбек еткен. Ол Түпқараған ауданында жұмыс істепті.

– Шағымданушы 2025 жылғы 24 шілдеде денсаулығының нашарлауына байланысты жұмыс орнында болмаған. Сол күні ол екі рет жедел медициналық көмекке жүгінген, бұл медициналық ұйымдардың құжаттарымен және іс материалдарымен расталған. Сонымен қатар, қызметкер өзінің сырқаты туралы тікелей басшысына WhatsApp мессенджері арқылы хабарлаған, – делінген Ақтау қаласының №2 сотының баспасөз хабарламасында.

Қызметтік тергеп-тексеру нәтижесінде 2025 жылғы 16 қыркүйектегі бұйрықпен талап қоюшы үш сағаттан астам уақыт дәлелді себепсіз жұмыста болмағаны үшін қызметінен босатылған. Тіпті жұмыс беруші бұйрықтың көшірмесін тек 2025 жылдың 17 желтоқсанында жолданғаны да белгілі болды.

Сот шешімімен инспектордың жұмыстан шығару туралы бұйрығының күші жойылып, оны заңсыз деп таныды. Жұмыстан қуылған инспектор қайта лауазымына орналаспақ. Амалсыз бос жүрген уақыты үшін инспекторге 1 254 383 теңге көлемінде жалақы өндіріледі. 200 000 теңге мөлшерінде моральдық зиян өтемақысы өндірілді және өкілдің қызметіне жұмсалған шығын ретінде 500 000 теңге өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.