Ақтөбе облысында төрт су қоймасы салынбақ
Ақтөбе облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының таратқан ақпарына сүйенсек, өңірде жаңадан су қоймаларын салу жоспарланыпты.

Ақтөбе облысында жаңадан төрт су қоймасын салу жоспарланыпты. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Ақтөбе қаласы Жаман Қарғалы өзеніндегі Өлкесу қоймасы, Мұғалжар ауданында Елек өзенінде Жарық су қоймасы, Хромтау ауданында Ор өзенінде Жамбыл су қоймасы және Қобда ауданы Қобда өзенінде Әлия су қоймасын салуды жоспарлапты. Қазіргі таңда Жаман Қарғалы өзенінде бой түзейтін Өлкесу қоймасының жобалық-сметалық құжаттамасына жасақтауға 56 миллион теңге қаражат бөлінді. Өлкесу қоймасының құжатын «G6-Project» жауапкершілігі шектеулі серіктігі жасайды. Ал, Хромтау ауданында орналасқан Ор өзеніндегі Жамбыл су қоймасын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы «Ақтөбе Жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жасайды. Бұл үшін қазынадан 51,4 миллион теңге қаржы бөлінді.
Қазіргі таңда өңірде Ақтөбе, Қарғалы, Сазды секілді ірі су қоймалары жұмыс істейді. Ақтөбе облысы әкімдігінің таратқан ақпарына сүйенсек, Ақтөбе су қоймасының сыйымдылығы — 245 миллион текше метр, Қарғалы су қоймасы жобалық көлемі — 280 миллион текше метр және Сазды су қоймасының жобалық көлемі — 7,5 миллион текше метрді құрайды. Өткен жылы Ақтөбе және Сазды су қоймаларын қайта жөндеу жұмыстары аяқталды. 2024 жылы Қарғалы су қоймасы ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізілді. Қазіргі таңда аталмыш су қоймасын жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттар жасақталуда. Қайта құру жұмыстары 2026 жылы басталады.