Ақтөбе облысында өрт сөндіру бекеттерінің саны артпақ
Ақтөбе облысында дала өрттерінің алдын алуға арналған жиын өтті.

Ақтөбе облысында дала өрттерін сөндіру мен алдын алуға арналған жиын өтті. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің келтірген дерегіне сүйенсек, аймақта жыл санап өрт сөндіру бекеттерінің саны артып келе жатыр. Биыл облыс орталығындағы Құрайлы, Сазды және Ақшат тұрғын алаптарында және Әйтеке би ауданының Ұлғайсын және Сарат ауылдарында, Темір ауданының Саркөл ауылында алты жаңа бекет орнатылған деседі. Тағы алты пост ашу жоспарлануда.
Облыстық әкімдіктің таратқан ақпарына сүйенсек, өңірде 178 елді мекенді қамтитын 73 бекет иелігінде 58 бірлік өрт сөндіру және 28 бірлік қосалқы техника бар. Тиімді жұмыс істеу үшін қосымша 26 бірлік арнайы өрт сөндіру техникасы қажет. Төтенше жағдайлар департаменті бекеттерді қамтамасыз ету аясында олардың балансына он автоцистерна берілмек.
— Елді мекендерде дала өрттерінің алдын алу және сөндіру үшін 14 ерікті өртке қарсы құрылымдар бірлестігі құрылды, оның құрамында 1912 адам бар. Тәулік бойы 180 қызметкер және 37 ТЖД автоцистернасы дайындықта болады. Жедел байланыс үшін 16 бірлік спутниктік аппарат, ал аэровизуалды бақылау үшін 4 дрон қолданылады. 228 адамнан тұратын 39 мобильдік топ құрылды, олар 5 рейд жүргізді, соның нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 12 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды,- деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Айбат Жанабергенов .
Төтеншеліктер облыстың орман шаруашылығы мекемелерінде жеті орман өрт сөндіру станциясы жұмыс істейтінін хабарлады. Өңірге әлі жеті станция қажет. Үш мекеменің құрылысы жүріп жатыр. Қалған төртеуінің жобалау жұмыстары аяқталмапты. Сондай-ақ өрт сөндіру техникасы паркін жаңарту және өрт гидранттарын күрделі жөндеу керек.