Ақтөбеде шекараны заңсыз кескен шетел азаматы ұсталды. Облыстық полиция департаменті таратқан ақпаратқа сүйенсек, қолға түскен азамат бұған дейін еліміздің көші-қон заңнамасын бұзып, Батыс Қазақстан облысының соты шетелдікті елден шығару туралы шешім шығарған. Ол заңды талапты ескермей, оңтүстік аудандар арқылы шекараны жаяу кесіп, елге заңсыз кірген. 38 жастағы шетелдік Ақтөбе қаласында қолға түсті.
– Жүргізген жедел іс-шаралар барысында заңсыз келушінің Ақтөбе облысының аумағында жүргені анықталды. Жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде полиция қызметкерлері шекарадан заңсыз өткен шетелдікті Ақтөбе қаласында ұстады. Құқық бұзушы қамауға алынды. Мемлекеттік шекарадан заңсыз өту дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеп-тексеру жүріп жатыр, – деп хабарлады Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ел аумағында заңсыз шекара кескендерді қолға түсіру үшін «Заңсыз келуші» атты жедел-профилактикалық іс-шара өтіп жатыр. Іс-шара 8-12 маусым аралығында өтеді. Ақтөбе облысының полиция департаменті: «Шараның алғашқы күнінде полиция өңірде көші-қон заңнамасын бұзған 70 шетелдікті әкімшілік жауапкершілікке тартылды», деп хабарлады.