Ақтөбеде құны 130 мың теңге тұратын спорттық велосипедтің ұрлығы бейнекамераның көмегімен ашылды. Оқиға маусым айының басында 101-ші атқыштар бригадасы көшесінде болған. Велосипедтің иесі сол көшеде орналасқан кофеханаға кіріп, көлігін сыртта қалдырған.Велосипедтін таба алмаған тұрғын тәртіп сақшыларына хабарласқан.

– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеп, күдіктінің жеке басын анықтады. Нәтижесінде 21 жастағы қала тұрғыны полиция бөліміне жеткізілді. Ұрланған велосипед тәркіленіп, қажетті тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін заңды иесіне қайтарылады, – деп хабарлады Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда спорттық велосипедті ұрлап кеткен күдіктіге қатысты тергеп-тексеру басталды.