Ақтөбеде әлеуметтік желілердің бірінде несие алып беремін деп зейнеткердің сеніміне кіріп, оның атына кредит алған алаяқ ұсталды. Облыстық полиция департаментінің таратқан ақпарына сүйенсек, күдікті зардап шеккен адамға көмектесемін деп көндіріп, телефонына келген СМС-кодты айтуға көндірген. Осылайша, күдікті зейнеткердің атына микроқаржы ұйымының атынан несие алып, ақшаны қажетіне жаратқан.

– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 24 жастағы күдіктіні анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, қажетті тергеу әрекеттері атқарылып жатыр, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тәртіп сақшылары алаяқтарға алданып қалмас үшін сақтық шараларын еске салады:

  • Ешкімге СМС арқылы келетін бір реттік кодтарды, құпия сөздерді және банк карталарының деректерін хабарламаңыз;

  • Несие, қарыз немесе мемлекеттік қызметтерді рәсімдеуге «көмектесеміз» деп ұсыныс жасайтын бейтаныс адамдарға сенбеңіз;

  • Банк пен микроқаржы ұйымдарының қызметкерлері ешқашан құпия растау кодтарын сұрамайтынын есте сақтаңыз;

  • Кез-келген қаржылық операцияны жасамас бұрын ақпаратты ұйымдардың ресми байланыс арналары арқылы тексеріңіз;

  • Осындай күмәнді ұсыныстар түскен жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, полицияға хабарлаңыз.