Ақтөбеде үлескерлердің 421 млн теңгесі ұрланды
Бас прокуратура Ақтөбеде үлескерлердің 421 млн теңгесі ұрланды деп хабарлады.

Қазақстан Республикасының бас прокуратурасы Ақтөбеде үлескерлердің қыруар ақшасын ұрлап, үй салмаған дерек анықталғанын хабарлайды. Ақтөбелік прокурорлар «Жилище» құрылыс компаниясының басшысының үстінен қылмыстық іс қозғап, істі екінші сәуірде сотқа жолдапты. Аталмыш құрылыс компаниясынан зардап шеккендердің саны 75 адамды құрайды. Олар үйдің құрылысы үшін 421 миллион теңге қаражат салған. Бірақ, компания екі баспананы сол күйі салмаған.
Жалпы Ақтөбе облысында құрылысы аяқталмай, басынан дауы арылмаған 11 үлескерлік нысан бар. Үлескерлік құрылыстардан 745 адам зардап шегіпті. Келген шығын 5,6 миллиард теңгені құрайды екен. Өткен жылы бес құрылыс компаниясының басшысы сегіз нысан бойынша жауапкершілікке тартылыпты. Олар алты жылға сотталды. Прокуратура қызметкерлері 159 үлескердің мүддесі үшін азаматтық тәртіпте соттарға екі талап-арыз жолдапты. Бұл сатып алу шарттарын жарамсыз деп танып, үлескерлердің пайдасына екі миллиард теңге өндіру үшін керек. Бұдан басқа, 600 үлескердің мүддесін қорғау үшін тағы алты талап-арыз жолданады.