Батыс Қазақстан облысының әкімдігінде Алтай Көлгіновтың төрағалығымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының өңірде орындалуына бағытталған кеңейтілген кеңес отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, сала басшылары және онлайн режимінде аудан әкімдері қатысты.

Кеңесте сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов аталмыш бағдарлама аясында облыс көлемінде атқарылған жұмыстармен алда тұрған міндеттерге тоқталып өтті.
«Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес. Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады. Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді. Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Ықылым замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, ас та төк ысырапшылдыққа ұласты. Соның кесірінен, Жер-Ана жаратылғаннан бері шөбінің басы тұлпарлардың тұяғымен ғана тапталған даланың барлық құнары құрдымға кетті. Осының бәрі – жерге аса немқұрайлы қараудың ащы мысалы»,-деген елбасы сөзін басшылыққа алған отырысқа қатысушылар өңірде осы бағыттағы жұмыстардың сапалы да, дұрыс атқарылуын қадағалауда ұстау қажетін атап өтті.
Сонымен қатар, кеңесте БҚО бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңесінің жетекшісі Салтанат Тұманбаева сөз алып, бағдарламаның облыс орталығында және аудандарда орындалуына нақты деректермен тоқталып өтті.
Кеңес жетекшінің айтуынша, бірқатар аудандарда бағдарламаға байланысты ауқымды шаралар ұйымдастырылған болса, кей аудандар кез келген шараны аталған бағдарламаға байланыстырып, жалаулатуға жол берген.
Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек деді жиында сөз алғандар. Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Алтай Көлгінов аудан басшыларына бағдарламаның атқарылуын қатаң назарда ұстап, ай сайын есеп беруді тапсырды.
Арман КУРМАНАЛИЕВ