24 мамыр күні Тәжиден Батырұлы мешітінің бас имамы Мейрамбек Әбдірахманов жұмыс сапарымен Бөрлі аудандық мешітінде болып, жамағатпен жүздесті.

Ақсай қаласындағы Алланың үйінде болған Мейрамбек Әбдірахманов жұма намазына қатысып, «Ислам – бейбітшілік діні» тақырыбында уағыз айтты.
«Жер бетіндегі барлық діндер бейбітшілік, рақымдылық, әділдік сияқты жоғарғы құндылықтарға негізделген. Солардың ішінде, ең соңғы кемеліне келген әрі мейірім мен рақымдылықты ту еткен дін – Ислам діні. Дін – адамзат тарихы мен мәдениеттің ажырамас бөлігі. Дінін білген адамға тегі, тегін білген адамға діні ешқашан жат саналмайды. Ислам діні – Алла тағаланың Мұхаммед пайғамбар арқылы жіберген ақиқат жолы» - деп сөзін бастаған бас имам аталмыш тақырып төңірегінде әңгіме өрбітті.
Сонымен қатар Әбдірахманов Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен Сириядағы соғыс аймағынан отандастарымызды елге қайтаруға бағытталған «Жусан-2» операциясы жөнінде айтып өтті. Және операцияның Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің халықаралық аренадағы жоғары беделінің және еліміздің бейбітшілік бастамалары, қағидаттары негізінде жүзеге асқандығы туралы да баяндады.
Жұма намазынан соң Бөрлі аудандық мешітінде «Құран түскен рамазан» атты құран кәрімді жүзінен және жатқа оқу сайысы өтті. Қазіргі таңда «Сендердің жақсыларың Құранды үйренгендерің және оны үйреткендерің» деген хадиске амал етушілердің қатары көбейіп келеді. Осы мақсатта қасиетті рамазан айында мешіт жамағаты арасында өткізілген сайысқа 13 үміткер қатысты. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыралытын құран жарысын Бөрлі аудандық мешіті және Парасат қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Жарыс талабына сәйкес қатысушылар құран кәрімді жүзінен оқу және өзі жатқа білетін сүресін жатқа оқу арқылы екі кезең бойынша бақтарын сынады. Жарысқа Тәжиен Батырұлы мешітінің бас имамы, Бөрлі аудандық мешітінің бас имамы, Қызрғызстан елінен келген қари төрағалық жасады.
Сайыс қорытындысы бойынша А.Задыгер ІІІ орын, Б.Мырзағалиев ІІ орын, Е.Ербөлеков І орынды иеленді. Ал бас жүлде Муджәләдә сүресін жатқа оқып, төрешілердің талаптарынан мүдірмей өткен ең жас қатысушы - 13 жасар Садурдин Сатаровқа бұйырды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табысталды.
Мы дорожим каждым нашим подписчиком и читателем, поэтому, пожалуйста, внимательно ознакомьтесь с рекомендациями при комментировании.
Арман КУРМАНАЛИЕВ