Жапонияның Аичи-Нагояда қаласынан ақжолтай хабар жетті. Батысқазақстандық спортшы Жоламан Биғабыл Азия біріншілігінде топ жарды. Ұлттық Олимпиада комитеті жас спортшының жеңісі туралы хабарлады. Жоламан каратэ спортынан алтын медаль қанжығалады. Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен споршы 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Финалдық белдесуде батысқазақстандық спортшы Өзбекстан елінің спортшысы Хумоюнмирза Халимовты жеңіп, Азиада чемпионы атанды. Бұған дейін Биғабыл Тәжікстан, Индонезия елінің спортшылармен жүздесіп, айласын асырып, жеңімпаз атанды.
Азия ойындарының алғашқы медалін қанжығалаған Жоламан Бибағыл жарыстан алған әсерімен бөлісті. Ол финалдық жекпе-жегі ойын ортаға салыпты. Жеңімпаздың сұқбаты Ұлттық олимпиада комитетінің телеграм арнасында жарияланды. Чемпион жеңісі жайлы бүй дейді:
- Еңбегімнің ақталып, жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Жалпы, жекпе-жектердің бәрі оңай болған жоқ. Финалда аға жаттықтырушылар мен бас бапкердің берген тапсырмасын орындап, жоспар бойынша жұмыс істедім. Бәрі ойдағыдай өтті. Қобалжу кез келген жарыста болады. Бұл жолы да бапкерлер жігерлендіріп, қолдау көрсетті. Өзім де барынша уайымдамауға тырыстым. Жаттығуда пысықтаған тәсілдерімді жарыста көрсетуім керек болды. Соның бәрін орындай алдым. Финалдағы Өзбекстан спортшысымен бұған дейін кездеспегенбіз. Ол арақашықтықты жақсы сақтап, қорғана білді. Дегенмен дұрыс әдіс-тәсілдің арқасында жеңіске жете алдым. Бұл - тек бастамасы деп ойлаймын. Алда жабық ғимараттарда өтетін Азия ойындары бар. Сонымен қатар әлем чемпионаты күтіп тұр. Ал каратэ Олимпиада бағдарламасына қайта енсе, сол шыңды да бағындыруға бар күшімізді саламыз, - деді Азия ойындарының жеңімпазы Жоламан Биғабыл.
Жапонияда жазғы Азия ойындары басталды. Бұл жапон топырағында ұйымдастырылған үшінші жазғы Азия ойындары екен. Бұған дейін Токиода 1958 жылы, Хиросимада 1994 жылы Азия елдерінің біріншілігі өтті. Биыл жарыстардың бағдарламасында 43 спорт түрі мен 71 дисциплина енгізілген. Азиада ойындарында 469 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Байрақты бәсекеге 11 мыңнан астам спортшы қатысады. Қазақстандық 558 спортшы ел намысын қорғайды.