Биыл Ақтөбе облысының мектептерінде 15 стоматологиялық кабинет ашылмақ. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жаңадан ашылатын кабинеттердің 12-сі облыс орталығында, қалған үшеуі аудан орталықтарында өз жұмысын бастайды.
Елімізде мектептердің қабырғасында стоматологиялық кабинет ашу ісі 2025 жылы қолға алынды. Бұның мақсаты — жастайынан ауыз қуысы ауруларының алдын алу.
Ақтөбе облысында бір жылда 7 847 оқушы профилактикалық стоматологиялық тексеруден өткен. 1 719 баладан жеңіл және орташа дәрежедегі кариес анықталыпты.
Өткен жылы өңірде 14 кабинет ашылды. Соның бірі-№56 мектепте орналасқан.
— Баланың денсаулығы тістен басталады. Былтырдан бері мектебімізде стоматологиялық кабинет жұмыс істейді. Өткен оқу жылында мектептегі тіс дәрігері 2 265 оқушыны тексеруден өткізді. Балалардың тісін жұлмайды, тек сүйемелдейді, қажет болған жағдайда дәрігерлерге жолдама беріледі. Сонымен қатар стоматолог кластарда тісті дұрыс тазалау және ауыз қуысына күтім жасау туралы дәрістер өткізеді. Мұның барлығы балалар арасында ауыз қуысы мен тіс ауруларының алдын алуға бағытталған. Стоматологиялық кабинеттің барлық қажетті құрал-жабдығын №3 КДП қамтамасыз етеді. Менің ойымша, бұл өте маңызды жұмыс. Себебі барлығы өскелең ұрпақтың дені сау болуы үшін жасалып отыр, — дейді Ақтөбе қаласындағы №56 мектептің директоры Гүлнара Нарымбетова.
Мектептердегі стоматологиялық кабинеттердің негізгі жұмысы — аурулардың алдын алу және оларды ерте кезеңде анықтау. Жыл сайын оқушылардың ауыз қуысына жаппай тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша қосымша бақылауды немесе емді қажет ететін балалардың тізімі жасалады. Балалардың бойында дұрыс әдет қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Стоматологтар профилактикалық сабақтар өткізіп, оқушыларға тісті дұрыс тазалау, оны қаншалықты жиі тазалау керектігін, сондай-ақ тіс щеткасы мен пастасын дұрыс таңдау жолдарын түсіндіреді. Кабинеттерде балалар дәрігер-стоматологтары немесе дантистер жұмыс істейді.