• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • 570,48 ₸
  • 6,78 ₸
  • Уральск

Меню

БҚО-да 450 мыңнан астам адамның дауыс беру құқығы бар

23 тамызда қазақстандықтар Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс береді.
БҚО-да 450 мыңнан астам адамның дауыс беру құқығы бар
Медет Медресовтың фотосы

23 тамызда қазақстандықтар Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс береді. Биыл саяси тартыста жеті партия бақ сынап жатыр. Әрбір саяси партия сайлауалды бағдарламасын таныстырып, үгіт жұмыстарын жүргізіп, республикалық телеарналар ұйымдастырған пікірсайыстарға қатысып, дауыс берушілермен кездесуде.

Батыс Қазақстан облысы аумақтық сайлау комиссиясының мәліметіне сүйенсек, өңірде 450 544 адам дауыс беру құқығына ие. Аймақта 488 сайлау учаскесі жұмыс істемек.

Главный баннер

Оның басым көпшілігі облыс орталығында орналасқан. Жабық үлгідегі учаске саны 14-ті құрайды. Олардың біреуі тергеу изоляторында, біреуі әскери бөлімде және 12-сі медициналық мекемелердің аумағында жұмыс істемек.

- Жыл басынан бері екі жаңа сайлау учаскесі құрылып, сайлаушылар саны аз үш сайлау учаскесі жабылды, сәйкесінше 15 сайлау учаскесінің шекаралары өзгертілді. Бұл өзгерістер туралы ақпарат округтер сайлаушыларына уақытылы жеткізілді. Учаскелердің 236-ы білім беру мекемелерінде, 192-і мәдениет, 28-і денсаулық сақтау, 15-і спорт нысандарында, төртеуі әлеуметтік мекемелерде және қалған 13-і өзге нысандарда орналасқан, - деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Асыланбек Губашев.

Батыс Қазақстан облысында сайлау комиссияларының саны 502-ні құрайды. Оның ішінде 14 аумақтық сайлау комиссиясы және 488 учаскелік комиссия мүшелерінің жалпы саны - 3224. Комиссия мүшелерінің 94 пайызының сайлау өткізуде тәжірбиесі бар. Сайлау жарияланғаннан бері комиссия құрамында 176 ауысып, жаңа мүшелер қабылданған. Саяси доданың жақсы өтуі үшін комиссия мүшелерін оқыту маңызды. Күні бүгінге дейін сайлау комиссияларының мүшелері екі деңгейлі оқыту семинарларына түгел қатысты.

Сайлауда дауыс беретін жандардың өздерін тізімде тауып, мүгедектігі бар жандардың таңдауы жасауында кедергі болмауы шарт. Аумақтық сайлау комиссиясының таратқан мәліметіне сүйенсек, барлық сайлау учаскелері ғимараттың бірінші қабатында орналасқан, пандустар, тактильді жолақтар, мүгедектігі бар жандарға арналған бұрыштар жасақталды. Дауыс беру күні 55 инватакси мен суроаудармашылар қызметі де ұйымдастырылмақ.

 Учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдардан тізімдер алып, екінші тамыздан бастап жұмыстарына кіріскен.

- Күнтізбелік жоспарға сай дауыс беру уақыты мен орны туралы азаматтар хабардар етілді, яғни шақыру қағаздары үлестіріліп, сайлауға қатысуға шақырылды. Тұрғындарға Telegram, WhatsApp чаттары арқылы да хабарлау жұмысы ұйымдастырылмақ.  Дауыс берушілері 1000 асатын 200 учаскеде онлайн сервис қызметі және облыс орталығының бес  учаскесінде азаматтарды тіркеу сервистері ұйымдастырылатын болады, - деп хабарлады Асыланбек Губашев.

 Өңірде 4505 дана дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері дайындалып, жетінші тамыздан бастап берілуде.

23 тамызда облыс орталығында орналасқан Ұлттық ұланның №5517 әскери бөлімінде сайлау учаскесі таңғы сағат 6:00-ден бастап жұмыс істейді. Қалған учаскелер таңғы сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін ашық болады. Ал сайлау бюллютендері 20-22 тамыз аралығында жеткізілмек.     

Дауыс беру процесін аккредителген 13 республикалық, 21 жергілікті қоғамдық бірлестік пен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, сайлауға қатысып жатырған жеті партияның сенім білдірген адамдары, БАҚ өкілдері  байқайтын болады.

- Тағы бір маңызды ескерту: қолданыстағы заңға сәйкес толтырылған бюллетеньнің фото - және (немесе) бейнетүсірілімін жүзеге асыруға және оны дауыс беру күні таратуға тыйым салынады. Сайлаушылар "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде айқындалғандай бұл әрекеттің құқық бұзушылық болып табылатынын ұмытпауы керек,- дейді облыстық комиссия мүшесі.

Жалпыұлттық сайлауда кәмелетке жасқа толған кез-келген Қазақстан Республикасының азаматы дауыс бере алады. Сайлау 23 тамызда жексенбі күні өтеді.

Главный баннер --> after article