Батыс Қазақстан облысында кибер алаяқтарға көмектескен күдікті қолға түсті. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлайды. Министрліктің таратқан ақпарына сүйенсек, қолға түскен күдікті дроперлерді тауып, олардың есепшотын пайдалану үшін тұрғындарға ақы ұсынған.
Тергеу барысында күдіктінің белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды тауып, оларға ақшалай сыйақы ұсынғаны анықталды. Ол аталған адамдарға банктен есепшоттар мен карталарды ресімдеп, верификациядан өтіп, кейін сол адамның есепшотын қолдануды өзіне беруді ұсынған.
Барлығы 40-қа жуық дроппер анықталды. Кейін олардың банктік есепшоттары мен карталары азаматтардан интернет-алаяқтық арқылы ұрланған ақшалай қаражатты аудару үшін пайдаланылған.Тінту барысында күдіктіден 732 мың теңге, 14 телефон, SIM-карталар мен банк карталары тәркіленді.
Қазіргі таңда осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалыпты. Күдікті қамауға алынған. Полиция қызметкерлері тергеу амалдары жалғасуда деп хабарлады.