Орал қаласында Құрылтай депутаты, Халық кеңесінің мүшесі,Энергетика вице-министрі мен Ұлттық экономика министрінің орынбасары медицина қызметкерлерімен жүздесті. Олар 28 қазанда президенттің Қазақстан халқына арналған жолдауын талқылады.
Құрылтай депутаты Снежанна Имашева мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты жолдауында айтылған маңызды міндеттерге тоқталды. Халық қалаулысы жаңа жолдаудың басты мазмұны экономикалық реформа екенін тілге тиек етті.
Құрылтай депутаты ана мен бала мәселесіне де тоқталып, өңірде Перинаталды орталық пен оңалту орталығы салынатынын да айтып өтті. Ол келер жылдан бастап уческелік дәрігерлердің еңбекақысы 40 пайызға дейін көтерілетінін де жеткізді.
Жолдауға сәйкес елде 70-ге жуық медициналық нысан салынып, инфрақұрылым жаңартылмақ. Инфрақұрылым жұмысын жақсарту үшін 2029 жылға дейін Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге жұмсалады.
— Мемлекет басшысы дәстүрлі жолдауында әрдайым медицина саласына қатысты жаңашылдықты айтып отырады. Қазір елімізде 16 миллионнан астам адам медициналық көмекке жүгініп, жалпы саны 100 миллионнан астам рет емханаға барды. Алғашқы медициналық алғашқы көмекті айтып отырмыз. Жыл сайын 2,6 миллион астам адам ауруханаға жатып, стационарлық ем қабылдайды. Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 280 мың медицина қызметкері еңбек етеді. Оның ішінде шамамен 84 мың дәрігер және 196 мыңға жуық орта буын медицина мамандары бар. Қазақстан Республикасының президентінің 2026 жылғы жолдауында денсаулық сақтау саласы елдің әлеуметтік инфрақұрылымның ауқымды жаңғыртудың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырылды, - дейді Снежанна Имашева.
Батысқазақстандық медицина қызметкерлерімен жүздескен Энергетика министрінің орынбасары Қайыржан Тұтқышбаев жолдау аясында атқарылатын жұмыстарды жіпке тізді. Вице-министр Батыс Қазақстан облысында атқарылатын жұмыстарды баяндап берді. «Ұлттық жоба» бағдарламасы арқылы 2030 жылға дейін 16704 шақырым электр желілері алмастырылмақ. Қазіргі таңда тозығы жеткен желілер пайыздық көрсеткіші 76 пайызды құрайды. Жаңасына алмастыру арқылы тозығы жеткен желінің көрсеткіші 45 пайызды көрсетпек. Вице-министр электр желілері жаңарса, кенеттен жарық өшуі азаяды деп сендірді.
— 2029 жылға дейін 25 миллиард теңгеге 33 шақырым жылу желісі өзгереді. Нысандарға жылу үздіксіз беріліп, тұрақты қамтамасыз етіледі. Бұл орташа тозу деңгейі 41 пайыздан 27 пайызға дейін түсіруге мүмкіндік береді, – деді вице-министр Қайыржан Тұтқышбаев.
Ал, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков «Халық құрылысы» бағдарламасына тоқталды. Ол Ұлттық қордан бөлінетін 6,5 триллион теңгенің қайда жұмсалатынын айтып берді. Биыл осы жылы қыруар қаражаттың 1,5 триллион теңгені бағытталмақ. Денсаулық сақтау саласына жауапты министрлік арқылы 344,1 миллиард теңге бөлінеді. Осы ақшаға 41 медициналық нысан салынады. Оның төртеуі Батыс Қазақстан облысында бой түзейді. Орал қаласында 250 адамға арналған емхананың құрылысы басталды. Бұл үшін 4,4 миллиард теңге бөлінген. Облыстық жедел жәрдем станциясының құрылысы үшін екі миллиард теңге, Облыстық патологоанатомиялық бюросының құрылысы үшін 3,1 миллиард теңге, №1 емхананың жапсарлас ғимаратына 1,6 миллиард теңге жұмсалмақ.
Жолдаудың жаңашылдықтарына арналған кездесуде өңірдің медицина қызметкерлері учаскелік дәрігерлердің еңбекақысы 40 пайызға дейін көбейту мен медицина саласында енгізіліп жатқан цифрландыру мен жасанды интеллектің игілігі жайлы айтты. Бірақ дәрігерлер жаңашылдықтардың барлығы дәрігерді алмастыра алмайды. Тек оның жұмысын жеңілдетуге арналғанын атап өтті. Ақ халатты жандар қала мен ауылда бой түзейтін медициналық мекемелерде сапалы қызмет көрсету мәселесін тілге тиек етті.