Батыс Қазақстан облысында сыйымдылығы 14000 тонна болатын көкөніс қоймасының құрылысы жүріп жатыр. Жаңа қойма Бәйтерек ауданына қарасты Мичурина ауылында бой түземек. Оның құны үш миллиард теңгені құрайды деп Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Қойманы «ОралАгро» мекемесі салып жатыр. Компанияның 2020 жылы іргетасы қаланған. Бұдан бөлек өңірде сыйымдылығы 3,6 тонна болатын тағы бір ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Қос қойма пайдалануға берілгесін, облысты қоймамен қамту ісі 123 пайызға орындалмақ.
Жаңа нысанның құрылысымен ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров облысқа жасаған сапары барысында танысты. Министр өңірде жұмыс істейтін компанияның әлеуетін көзбен көрді.
—Компания картоп, көкөніс және жеміс-жидек жеткізуші ретінде кеңінен танымал. Иелігінде сыйымдылығы төрт мың тонналық екі көкөніс қоймасы, техникалар мен 440 га жер телімі бар. Министр бұл бағытта ел бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айта келе, өңірдің әлеуетіне оң бағасын берді, – деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда өңірде картоп, көкөніс сақтауға арналған сыйымдылығы 66,3 мың тонналық 37 қойма бар. Оның 30-ы заманауи үлгіде салынған.