Батысқазақстандық жас шаңғышылар ел чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді. Облыс құрамасы спорттық додада тоғыз медаль қанжығалады. Жарыс 10-17 тамыз аралығында Қостанай қаласында жазғы шаңғы спортынан өтті. Сайыста 430-дан астам жас спортшы бақ сынады.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының таратқан мәліметіне сүйенсек, батысқазақстандық жас спортшылар жарыстың мына түрінен өзгеден басым түсіп, алтын медаль иеленген.
Кросс жарысы бойынша бес шақырымды бағындырған Алишер Маликов алтын медальді қанжығалады. Ол 2011-2012 жылы туған жасөспірім ұлдар арасында бақ сынады. Дәл осы сайыста 2011-2012 жылдары аралығында туған жасөспірім қыздар арасында үш шақырымды бірінші болып бағындырған Анастасия Соколова бас жүлденің иесі атанды.
Классикалық жүрістен 2009-2010 жылы туған қыздар арасында Жанерке Тудаханова 7,5 шақырым бойынша бірінші орын алды. 2011-2012 жылы дүниеге келген спортшылар арасында Лейла Мукатова бес шақырымда алтын медальді еншіледі.
Еркін әдісте қыздар арасында Жанерке Тудаханова, Анастасия Соколова, бірінші орын иеленсе, спортшы Лейла Мукатова қола медальге ие болды. Ұлдар арасында Алишер Маликов бас жүлдені қанжығалады.
Ал командалық спринт, еркін әдісте ұлдар арасында Андрей Пирог пен Алигер Маликов екінші орынға тұрақтады. Қыздар арасында Лейла Мукатова мен Анастасия Соколова бірінші орын алды.