• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • € 570,48 ₸
  • ₽ 6,78 ₸
  • Уральск

Меню

БҚО тұрғыны малын арзанға бағалағанына наразы

Жаңақала ауданының тұрғыны Өтеміс Төлепбергенов сиырын "Кублей" мекемесіне тапсырыпты. Мекеменің мамандары алғашында малдың етін жоғары сұрыпты деп 2900 теңгеге бағалаған. Кейін сойылған малдың еті бірден 1150 теңгеге арзандапты.
БҚО тұрғыны малын арзанға бағалағанына наразы
Медет Медресовтың фотосы

"Мой город" ақпарат агенттігінің редакциясына "Ақ адал малымның етін арзанға бағалады", деген жаңақалалық Өтеміс Төлепбергенов есімді азамат хабарласып, шағымданды. Ол Жаңақала ауданына қарасты Көпжасар ауылында тұрады. Жігіт ағасы төрт түлікті өзі баптап, баққан малын тапсырып, отбасын асырап жүр. Ол алты жасар сиырын "Кублей" мекемесіне тапсыру үшін ауылдасымен бірге көлік жалдап, малдың ветеринарлық құжаттарын түгендеп әкелген. 300 шақырым шалғай жерден келген малды Өтеміс ағайдың қызы тапсырмақшы болған. Шаруалар кезек алып, бірнеше күн малдың сойылуын күткен. Ірі қара кезегін көлікте күткен. 

- Біздер өзіміз өсірген малды "Кублей" цехына алып келдік. Малды соярда 2900 теңгеден соярмыз деп, сойғаннан кейін үстінде қанталаған бар деп 1750 теңгеге түсіріп тастады. Келгенде ең бірінші мал түсіретін орын жоқ. Көліктердің барлығы осы жерде толып тұр. Кеше келген, алдыңғы күні келген көліктер бар. Мал қашан сойылады сол уақытта түседі. Оның үстіне мал бір-бірімен сүзіседі, бір-бірін тапайды. Мал сойып жатқан жерде теріде май, ет бәрі кетіп жатыр. Сондай бағамен аламыз деп тұрып, ташшактың (арық малдың-ред.автор) бағасына түсіріп жіберіп тұр. Мен соған наразы болып тұрмын, - деді Өтеміс Төлепбергенов.

Компания өкілдері Өтеміс Төлепбергенненмен бірге малын әкеліп, тапсырған Жеңіс Қойшыбаевтың малын да әуелі қарағанда жоғары сұрыпты деп, кейін сойылған мал етінің бағасын 1150 теңгеге арзандатып жіберіпті. Оған да: "ет қанталаған", деп түсіндірген. Оның еті 182 келіні құрапты.

- Мал сойылып қалғасын бізге айтып тұр. Сойылып қалған малды ешкім алмайды. Біздер 300 шақырымнан көлік жалдап келіп тұрмыз. Біздер етті кері алып кету үшін көлік тағы жалдаймыз. Етті ешкім алмайды. Қазір 1700 теңгеден алмайды. Тек 1000 теңгеден алғысы келеді. Сіздер малды басқаша соясыздар, ет сататындар басқаша мүшелейді. Қазір шешімін таба алмай жатырмыз, - деді Жеңіс Қойшыбаев.

"Кублей" компаниясының бас мал дәрігерімін деп таныстырған Шолпан Кайырмуханова жағдайға байланысты мән-жайды түсіндірді. Ол жасақталған алгоритмді жіпке тізді. Мамандар ең алдымен шаруалар малмен қоса алып келетін ветеринарлық анықтаманы жіті тексеріп, платформасындағы ақпаратпен салыстырады екен. 

-  Біздер ауыл мен ауданнан келген малды №1 форма ветеринарлық анықтамамен қабылдаймыз. Мал дәрігері анықтаманы жазғанда малды қандай көлікпен апаратынын  қарайды. Сол көліктің нөмірі анықтамаға жазылады. Малдарды алып келеді. Біздің мекеменің мал дәрігерлері малды қарайды.  Анықтамада жазылған көліктің нөмірі сәйкес келеді ме, сол мал ма, малдар қандай күймен келгенін қарайды. Біздерде "Вет.лаб" деген жүйе бар. Сонда анықтамадағы малдар бар ма жоқ па соны қараймыз. Барлығын қарағаннан кейін мал дәрігері союға рұқсат береді. Анықтаманы қараған кезде, мал егілді ме, егілмеді ме? Қашан егілді? Аусылға қарсы егілсе - 21 күн, сібір жарасына қарсы егілсе - 14 күн союға болмайды. Осындай ветеринарлық-санитарлық талаптар мен №587 бұйрық бар. Соған сәйкес бәрін тап-тұйнақтай тексереміз, - деді Шолпан Кайырмуханова.

Мал дәрігерінің тексерісінен соң, қорадағы мал бауыздалып, сойылады. Кейін "Кублей" мекемесінің зертханасында ұшадан сынама алынып, тексеріледі екен. Мекеменің бас мал дәрігері мен бас технологы: "Өндіріс ошағыда сойылған малдың барлық ұшысынан сынама алынып, тексеріледі",- деп мәлімдеді. Олар арнайы құрылғыда сынаманы қайнатып, ұшаның жағдайы мен оны түрлі жұқпалы ауруға, дәрі-дәрмек салынғаны мен түрлі иіске де тексеріп алады екен.

- "Кублей" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде лицензиясы бар зертхана жұмыс істейді. Лицензцияны Батыс Қазақстан облысының ветеринариялық басқармасы берді. Әрбір ұша зерттеледі. Ветеринариялық-санитариялық зерттеу өткіземіз. (...) Мал дәрігерлері сойылған малдың ұшасын қарайды. Ұшадан аса қауіпті аурулардың болмауын қараймыз, соны сараптамадан өткіземіз. Малдың ішкі құрылысын қарап, нәтижесін береді. Ұшаны жағдайын қараймыз. Мына екі ұшаны айтсақ, әрбір ұшаға бөлек АКТ толтырылды. Мында ұшаның әрбір жері қанталаған, - деді "Кублей" ЖШС бас мал дәрігері.   

"Кублей" мекемесі екі сиырдың етін бөлек іліп, тоңазтқышқа салып, сақтапты. Мекеменің бас мал дәрігері шаруалар мен бөгде адамдардың етін салыстырып көрсетті.

-  Мына ұша қанталап тұр. Талаптарға сәйкес келмейді. Ал мына ұшалардың жағдайы жақсы. Олар соғылмаған, қанталап тұрған жоқ. Олар ветеренариялық-санитарлық талаптарға сәйкес келді. Оларға сұрақ жоқ, - деді Шолпан Кайырмуханова. 

Кәсіпорынның бас технологы Самал Мерғалиева сойылған малдың еті тек консерві өндірісіне ғана жарайтынын айтты. 

-  Шикізат болғасын, біз малды тірілей қабылдаймыз. Құжаттарын тексереміз. Барлық ветеринарлық құжаттарын тексереміз. Жалпы малдың жағдайына байланысты тексеріледі. Мал сойылғанға дейін қарап, тексереді. Кейін малды союға алып келеді. Сойғаннан кейін малдың терісі шешіледі. Шешілгеннен кейін  ұшаның жағдайы көрінеді. Оған дейін біз мынандай жерлерін көрмейміз. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, бәрі соғылған, соғылған, қанталаған жерлері бар.  Малдың жағдайы, оның ауруға шалдығып, шалдықпағанын ветеринар анықтайды. Көріп тұрғандай мына ұшада қанталаған жерлері көп. Сол себепті біз бұны жақсы мал деп қабылдай алмаймыз. Бұдан бізде ет шықпайды. Қанталаған жерлерін утилизацияға жібереміз. Ветеринар талаптарға сәйкес тазалайды. Біздер еттің барлығын утилизацияға жібермейміз. Малдан ауру шыққан жоқ. Біздер етті сылып, мүшелеп сатамыз. Мүшелеуге келмегендіктен еттің соры түсті. Ол екінші сортқа түсіп кетті. Біздер бұны сорттап, консерва жасауға жібереміз, - деді "Кублей" компаниясының бас технологы Самал Мергалиева.

Сала мамандары еттің неліктен қанталайтынын да түсіндірді. Олардың айтуынша, шаруалар ірі қараны тасымалдау ережесін өрескел бұзады. Мәселен, бір көлікке жылқы мен сиырды бірге тиеп әкелетін жағдайлар жиі кездеседі.

- Ұша қандай жағдайда қанталайды? Осыны айтып берейін. Ауыл шаруашылығы министрлігінің арнайы бұйрығы бар. Сонда малды тасымалдауға арналған нақты ветеринарлық-санитарлық  талаптар жазылған. Қалай малды алып келу керектігі мен қандай көлік болуы керектігі жазылады. Мына жағайда малды алып келгенде талаптар бұзылды. Сол себепті ұша қанталап тұр. Бұйрыққа сәйкес, малдар байлануы керек. Мүйізді және тоқал малды бірге алып келуге болмайды. Бір көлікке малды тығыздап тиеуге болмайды. Мал дәрігері ретінде ұшаның неге қанталағанын білемін. Себебі тасымалдау кезінде заң бұзушылық болды, - деді "Кублей" мекемесінің бас мал дәрігері.

Жаңақала ауданының тұрғындары бірнеше мәрте өндіріс ошағы неліктен көлікпен келген малды бірден түсіріп алмайды деген сұрағын қойды. Ол алыс жол жол жүріп келген мал бірнеше күн кезек күтіп тұрып, күйі кетеді деген ойын тілге етті. Өзін "Кублей" мекемесінің қауіпсіздік қызметінің басшысымын деп таныстырған Талғат Елеусинов былай деп жауап берді.

-  Біздерде кезекке жазылады. Бізде мал түсіретін орын бар. Сол босағанда түсіре береміз. 150 бас сиырға, 300-400 бас қойдың орны бар. Қойдың орнына ірі қара малды кіргізе алмаймыз. Қой мен сиырдың тұратын орындарының категориясы бөлек. Қойдың астаулары аласа тұрады. Ірі қара мал аласа астауларға мүйізін немесе аяғын тығып алады. Күніне 250 бас мал соямыз. Қазір 250-260 бас мал тіркеліп тұр. Олар босаған бойда кіріп жатыр, - Қауіпсіздік қызметінің басшысы Талғат Ұзақбайұлы.

300 шақырымды артқа тастап, баққан малын тапсырып, ақшасын отбасының қажеттілігіне жұмсауды көздеген Өтеміс Төлепбергенов етін "Кублей" мекемесінен алып кетіп, өзге жерге тапсырған. Ал, оның қасындағы ауылдасы етін өзімен бірге үйге алып кетіпті. 

Фотогалерея
1 фото