БҚО-да ауданмен байланыссыз қалған ауылға сарбаздар көмекке барды
Сырым ауданына қарасты Аралтөбе ауылында уақытша көпірдің топырағын су шайып кетті. Шідерті өзені тасып жатыр.

16 наурызда Сырым ауданына қарасты Аралтөбе ауылына апаратын уақытша көпірдің топырағын су шайып кетті. Сол себепті тас жол көлік пен жаяу жүргіншілер үшін жабылды. Оқиға Ақсай-Жымпиты облыстық маңызы бар автожолының 27 километр учаскесінде,таңғы 8:40-та тіркелген.
Уақытша өткелді қалпына келтіру жұмыстары Шідерті өзенінің су деңгейі төмендеген соң басталмақ. Өзеннің ағысын бәсеңдету үшін сарбаздар да келіп жеткен. Олар қапшықтарға құм салып, судың ағынын бәсеңдетуді көздеп отыр.
2024 жылдың сәуір мен мамырында Аралтөбе тұрғындарын жалғайтын көпір жөндеуге жабылған еді.
— Олар жоспардан кешігіп қалды. Олар жаңа жылға дейін оборларын қойып, сосын үстіне балкілерін тастаймыз деп еді. жаңа жылға дейін жоспар бойынша осылай істелу керек деп еді. Бірақ олар оборларын қойып үлгерген жоқ. Сол күйінде тұр. Жөндеу жұмыстары 2 жылға жоспарланды. Қазіргі таңда тұрғындарға келетін қауіп жоқ. Ауылда жүкті келіншектер жоқ. Шұғыл ауру сырқау болса, ауданмен байланыс жоқ. Сол жағы қиын болып тұр, - дейді Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Әділхан Мұхитов.
Қазіргі таңда Аралтөбе ауылында 664 адам, 190 түтін бар. Аралтөбеде 10 күнге жететін азық-түлік қоры бар екен.