10 марта в 10:00

БҚО-да су тасқынына қарсы шаралар күшейтілмек

БҚО-да су тасқынына қарсы шаралар күшейтіліп, тасқынға дайындық жұмыстары ширай түспек.

БҚО-да су тасқынына қарсы шаралар күшейтіліп, тасқынға дайындық жұмыстары ширай түспек.
Фото автора

Орал қаласында Батыс Қазақстан облысының  әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалымен төтенше жағдайдың алдын алуға арналған штаб отырысы өтті. Жиында су тасқынына байланысты дайындық пысықталыпты. «Қазгидромет» мамандарының хабарлауы бойынша, наурыздың 11 жұлдызынан бастап, облыста ауа температурасы  күрт жылынады. Оңтүстік аудандарда күн райы 15 градус нөлден жоғары болуы ықтимал. Ал, солтүстік-батыс аудандарда +7+9 градусқа дейін, шығыста +3+5 градусқа дейін жылы болады. Наурыздың 11 бастап түнде ауа температурасы 0-ден жоғары болады деп күтілуде. Күн жылынған шақта қар еріп, беткі ағынның қалыптасуы басталмақ.

– Қазгидромет биылғы жылдан бастап өзі болжамдарын жақсартты, мәліметтерді толықтырды. Биылғы жылдан бастап біз  еріген қар суын қалыптасатын (талый исток - автордың түсіндірмесі) соған да болжам жасадық. Болжамға сәйкес, облыстың шығыс бөлігінде еріген қар суының мөлшері бір текше киллометрден 0,004-0,008 метр куб су қалыптасады деп болжап отыр. Яғни, қарапайым тілмен айтқанда бір текше метрден төрт-сегіз литр су қалыптасады. Ал, Жайық өзені мен Сарыөзен, Қараөзендерінің аралығындағы аудандарда бір текше метрден екі-бес литрге дейін, ал солтүстік-батыс аудандарда бір текше метрден үш-жеті литрге дейін ағын су қалыптасуы мүмкін,- дейді «Қазгидромет»РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапанов.

Синоптиктердің келтірген мәліметіне сүйенсек, облыста   топырақтың қату тереңдігі орташа есеппен солтүстік аудандарда 62 см-ден 111 см болса, оңтүстік аудандарда 56 см-ден 100 см аралығында екен. Топырақтың максималды қату тереңдігі Бөрлі, Шыңғырлау, Ақжайық, Бәйтерек аудандарында және Орал қаласында байқалады.

Күзгі топырақтың ылғалдануы - су тасқынына әсер ететін фактордың бірі. Өңірде ылғалдану нормадан 65% төмен.

– Кысқы кезде облыс аумағының суық кезде түскен жауын-шашынның таралуы біркелкі емес. Тасқала, Ақжайық, Жаңақала, Теректі және Бәйтерек ауданы мен Орал қаласында қысқы жауын-шашын норма төңірегінде түсті.  Облыстың қалған бөліктерінде нормадан 16-47% төмен. Өткен жылғы мәліметтермен салыстыратын болсақ, екі-екі жарым есеге төмен болды, - дейді Тілеген Шапанов.

Ақжайық өлкесінде орналасқан өзендердің жағдайына тоқталсақ. Биыл синоптиктер Жайық өзенінің  салаларында су тасқыны кезеңінің жоғары және орташа деңгейдегі көтерілуі мүмкін деген болжам жасапты. Деркөл өзені Тасқала ауданының тұсында су деңгейі 385-515 сантиметрді  аралығында болады деп күтілуде. Қауіпті меже 520 сантиметрді құрайды. Шаған өзені су деңгейін 754-986 сантиметр аралығында болуы ықтимал.

– Жайық өзенінің су жинау алқабының 80% Ресей мемлекетінде қалыптасады. Росгидрометтің мамандарының мәліметіне сәйкес, биылғы жылы Жайық өзені бассейнінде су деңгейі орташа көпжылдық мәндерінен 25-170 см-ге жоғары болады деп болжануда. Жайық өзені бойынша көктемгі мезгілде келетін су көлемін 3,2-5,2 миллиард текше метр шамасында болжанып отыр. 2024 жылы көктемгі су тасқыны кезінде 11 миллиард текше метрден астам су келген болатын.Биыл судың көлемін 2-2,5 есеге аз болады деп күтіп отырмыз.  Жайық өзенінің Орал қаласы тұсында максималды су деңгейі 550-650 см шамасында болады деп күтілуде, қауіпті деңгей 850 сантиметрді құрайды,- дейді «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры.

Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті келтірген дерекке сүйенсек, өңірде  Орал қаласы, Тасқала, Казталов, Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау, Сырым, Қаратөбе, Ақжайық және Бәйтерек ауданында су тасқыны қаупі жоғары екен. Ал, Жаңақала мен Жәнібекте орташа, Бөкейордасы ауданында қызыл судан келетін қауіп аз.

– Алдағы су тасқыны кезеңінде елді мекендерді су басудан қорғау мақсатында бағдарламалық құжаттар аясында, жоспардан тыс демеушілер мен жергілікті бюджет қаражаты есебінен ұзындығы 143 шақырым болатын 81 қорғаныс бөгеті орнатылды. Тоғыз километр су бұру каналыы, 93 километр арық салынды. Елді мекендердің ішінде 582 метр су өткізу құбыры орнатылып, 74 шақырым магистральдық канал тазартылды. Көшім(0,8 км) және Быковка (1 км) өзенінде  тереңдету және тазалау жұмыстары жүргізілді,- деп ақпарат таратты БҚО ТЖД баспасөз қызметі.

Су тасқыны қаупі жоғары мекеннің бірі - Орал қаласы. Облыс орталығында коммуналдық мекеме тәулік бойы  қар шығаруға кіріскен. Қазіргі таңда 300 техника мен 350 жұмысшы білек сыбана еңбектенуде. Қалалық әкімдік арықтарды тазалау жұмысына екпін салыпты. Орал қаласында 150 шақырымнан астам  арық жүйесі бар.

– Бірінші кезекте су басу қаупі бар аумақтарға екпін салынып жатыр.  Көктемде қар ерігенде бізде Зашаған кентіне қарасты Балауса, Болашақ шағын ауданы, Деркөл кентінің Сарыарқа шағын ауданы, 10-шы шағынауданда эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназиясының алдында су толып тұрады, қар ерісе. Сондықтан былтырғы, өткен жылдардағы жағдайды ескеріп, су тасқыны кезеңінде болған жағдайды ескеріп, өткен жылы қалада 35 шақырымнан астам арық жүйесі салынды. Оның ішінде арықтар бар, құбырлар бар, - дейді Орал қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Данияр Оспан.

Орал қаласында өткен көктемдегідей өзендердің су көтерілсе деген қауіппен бөгеттердің құрылысы жүргізіліп, бар нысандардың биіктігі көтерілген. Шаһарда төменде орналасқан жеті ауданда , Зашаганда екі, Деркөлде 3 аумақта тиісті жұмыстар атқарылыпты.

Облыс орталығында соңғы күндері күн жылынып, қар еруіне байланысты су тасқынының алдын алуға арналған жедел штабтың call-орталығы өз жұмысын бастады. Үйін су басу қаупі бар тұрғындар 8-778-579-18-00 немесе 8-7112-50-02-55 нөміріне хабарласа алады.

Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp