Жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, дербес бөлім және мемлекеттік мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты. Кеңесте ауылдық округтер мен білім беру ұйымдарында көк байрағымыз бен елтаңбамыздың орналасуы, пайдаланылуы және насихатталу барысы пысықталды.
2026 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, аудан аумағындағы мекемелерде рәміздердің сақталу талаптарына арнайы мониторинг жүргізілген. Тексеріспен қатар, жауапты мамандарға ақпараттық-әдістемелік көмек көрсетілді.
Жалпы алғанда жұмыс тобы келесі нысандарды зерделеді:
- 13 ауылдық округ әкімдігі;
- 15 білім беру мекемесі;
- 13 мәдениет нысаны;
- 3 спорт кешені.
Аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов мемлекеттік рәміздер - Тәуелсіз Қазақстанның басты нышаны екенін және оған деген құрмет әрбір шенеунік пен азаматтың басты міндеті екенін ескертті.
- Рәміздерге деген құрметті қалыптастыру тек құрғақ тексеріспен шектелмеуі керек. Бұл бағытта мектептер мен мекемелерде кең ауқымды түсіндіру және тәрбиелік жұмыстар үздіксіз жүргізілуі тиіс, - деп қадап айтты аудан басшысы.
Кеңес қорытындысы бойынша ауыл әкімдері мен мекеме басшыларына мемлекеттік рәміздердің заңнама талаптарына сай қолданылуын қатаң бақылауда ұстау және насихат жұмыстарын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.