Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында жаңадан прокуратура ғимараты пайдалануға берілді. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа ғимарат алтыншы желтоқсан прокурорлардың кәсіби мерекесі қарсаңында өз есігін айқара ашты. Салтанатты іс-шараға аймақ басшысы Нариман Төреғалиев пен облыстың бас прокуроры және сала ардагерлері қатысты.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде "Заң мен тәртіп" қағидатын орнықтыруды басты міндеттердің бірі ретінде айқындады. Әділетті қоғам қалыптастырудың негізі - заңның мүлтіксіз сақталуы және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімі. Жаңа ғимарат прокуратура қызметкерлерінің тиімді жұмыс істеуіне, тұрғындардың өтініштерін сапалы қарауға және халыққа көрсетілетін қызметтің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді, - деді Нариман Төреғалиев.
Аудандық прокуратура ғимараты екі қабаттан тұрады. Ол заман талабына сай жабдықталған.
Салтанатты іс-шарадан соң ардагерлер ғимараттың ауласына шырша ағаштарын отырғызып, ғимараттың ішін аралап көріп, көзайым болды.