Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ-ның төртінші аптаның қорытындысымен бөлісті. Күні бүгінге дейін батысқазақстандық өрен 6,8 мың рет негізгі ҰБТ тапсырған. Талапкерлердің 64 пайызы шекті баллды жинапты. Орташа балл 65 баллды құрайды. Ең жоғары балл 136-ны құрайды. Талапкерлердің 72 пайызы сынақты қазақ тілінде тапсырыпты. 28 пайызы орыс тілінде тапсыруды таңдаған. Алты рет ағылшын тілінде талапкерлер білімін сынапты.
Осы уақытқа дейін батысқазақстандық талапкерлердің 23 ереже бұзғаны анықталыпты. Олардың нәтижелері жойылған.
– Сегіз талапкер смартфондарды, смарт көзілдіріктерді, микро құлаққаптарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 15 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ, – деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығы.
2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.
Естеріңізге сала кетейік, негізгі ҰБТ оныншы мамырда басталды. Білім сынағы оныншы шілдеге дейін жалғасады.