Бөрлі ауданында су тасқыны кезеңі қорытындыланды
Сонымен қатар келер маусымға жоспарлар талқыланды.

2025 жылғы сәуір айында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Шадиярұлы Айтмұхамбетов Бөрлі ауданына жұмыс сапарымен келді. Іс-сапар барысында ол Бөрлі ауданы аумағында 2025 жылғы су тасқыны кезеңінің қорытындысы және алдағы маусымға жоспарларды талқылауға арналған кеңес өткізді.
Кеңес барысында су тасқыны кезеңінде атқарылған жұмыстар мен орын алған жағдайлар сараланып, келесі маусымда алдын алу шараларын күшейту мәселелері қаралды. Сонымен қатар, 2025 жылғы өрт қауіпті кезеңге дайындық жағдайы да назардан тыс қалмады. Қалияр Шадиярұлы аудандық мекемелердің дайындығына баға беріп, нақты тапсырмалар жүктеді.
Сапар аясында облыс әкімінің орынбасары «Бөрлі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2025 жылғы өрт қауіпті кезеңіне дайындығын тексеріп, мекеме қызметкерлерімен кездесті.
Сондай-ақ, Пугачев ауылдық округіндегі су тасқынына қарсы салынған бөгетті көріп, оның қазіргі жағдайымен танысты. Бөгеттің техникалық жағдайы мен тиімділігіне қатысты ұсыныстар қарастырылды.
Іс-сапар қорытындысы бойынша Қалияр Шадиярұлы тиісті мемлекеттік органдарға табиғи апаттардың алдын алуға бағытталған шараларды жандандыруды тапсырды.