Қазақстан Республикасы парламенті мəжілісінің депутаттары үш ауысымда білім беріп отырған №47 мектепке барып, жұмысымен танысты.

Білім ордасының ғимараты 2015-жылы қолданысқа тапсырылған болатын. Қазақстан Парламентіндегі "Нұр Отан" партиясы фракциясының мүшелері Айзада Құрманова, Айгүл Нұркина, Жәмила Нұрманбетова, Светлана Бычкова және "Ақжол" партиясы фракциясынан Кеңес Абсатиров Елбасы Жолдауынан туындайтын мәселелерді талқылау үшін аймаққа арнайы келген іс сапарында осы өзекті проблеманы шешуге атсалысуды мақсат тұтыпты.
БҚО-да 2163 оқушыға мектепте орын жетіспей отыр. Орал қаласының Зашаған кентінде орналасқан бұл мектеп 1200 баланы оқытуға лайықталған. Ал бүгінде кенттегі халық санының артуына байланысты білім ошағында 2800-дей бала оқып жатыр. Қазақстанда осындай үш ауысымда білім беруге мəжбүр болып отырған 127 мектеп бар көрінеді. Олардың бесеуі БҚО-да орналасқан. Атап айтар болсақ, №10, 18, 20, 47 және эстетикалық бағытта білім беретін гимназия.
Қай жерге қандай мектеп қажеттігі жөнінде мәселені жергілікті әкімдіктер министрлікпен бірге тез арада шешуі қажет. Мектеп ғимараттарын жоспарлауда демография мен миграция көрсеткіштері ескерілуі керек. Мектепті аралаған депутаттар сала мамандарын қолайсыздықты жоюда бірлесе қызмет етуге шақырды.
Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова Зашаған кентінде халықтың демографиялық өсімі мен құрылыс қарқына байланысты мектептер санын көбейту бағытында жоспарлы жұмыс жасау көзделіп отырғанын мəлімдеді. Алда 1200 орындық мектеп салынбағын ескерген күннің өзінде бұл ауданға әлі екі мектеп керек болмақ. Дегенмен бала санының көптігіне қарамастан аталмыш мектепте білім сапасы жоғары деп баға беруге болады дейді басқарма басшысы.
- "Былтыр мектеп бітірген 69 түлектің 39-ы мемлекеттік грантты ұтып алды. Қазақстан бойынша ҰБТ-дан ең жоғары балл алған түлектер қатарында 137 балл жинаған біздің Анжелика Степанида бар. Барлық қажеттіліктермен қамтылып отырмыз",-дейді №47 мектеп директоры Наталья Ерғожиева.
Бұған қоса елімізде 44 апатты мектеп ғимаратының мəселесін шешу де күн тəртібінде тұр. ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Жолдауында білім саласына ерекше көңіл бөліп, осы қиындықтарды жою туралы тапсырма берілген болатын.
- "Үш ауысымда оқытатын мектептер туралы Президент Жолдауында айтылып, бұл мәселені тез арада шешу тапсырылған еді. Сонымен бірге "Педагог мәртебесі туралы" жаңа заң жобасын жергілікті мұғалімдермен талқылау үшін өңірлерге келдік. Білім берудің қолжетімділігін арттыру үшін 2019-2021 жылдары республика бюджетінен қосымша 50 млрд. теңге бөлінетін болды. Біз жергілікті жерлердегі жағдайды көзімізбен көріп, Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға нақты көмегімізді көрсеткелі келдік, - дейді Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина.
Сондай-ақ депутаттар Жолдауға сай алдағы бес жыл ішінде елімізде ғылым, білім және денсаулық саласына бөлінетін қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін көтеру туралы стратегиялық міндет қабылданғанын атап өтті. Ал оны орындау жолында жоспарлы жұмыс атқарылуы керек.
Арман КУРМАНАЛИЕВ