• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • € 570,48 ₸
  • ₽ 6,78 ₸
  • Уральск
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Меню

«Дипломы бар мамандар да таяқ жейді»: Оралдағы дағдарыс орталығының тыныс-тіршілігі

Оралда тұрмыстық зорлық-зомбылық қарсы дағдарыс орталығына 158 адам жолыққан.
«Дипломы бар мамандар да таяқ жейді»: Оралдағы дағдарыс орталығының тыныс-тіршілігі
Автордың фотосы

25 қараша мен 10 желтоқсан арасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін халықаралық акция ұйымдастырылады. Акция күрделі мәселеге қоғам назарын аударып, қиын жағдайға тап болған жандарға көмектесуді көздейді. Осы күндері ел аумағында түрлі іс-шаралар өтеді.

Ел аумағында тұрмыста зорлық-зомбылықтың құрбаны болған жандар паналайтын дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Орал қаласында да осындай мекеме бар. Жолдасынан таяқ жеп, теперіш көріп, барар жері, басар тауы жоқ жандар осы орталыққа келеді. Бұл жерге тек полицияның арнайы жолдамасымен қабылдайды.

Жыл басынан бері орталыққа 158 адам жолыққан. 48 тұрғын мекемені паналаған. Оның 16-сы әйел адам, 32-сі бала. Бұл туралы Орал қаласының тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының директоры Гүлнәр Кабулова хабарлады. Тағы 110 адам кеңес сұрай келіпті. Көмек сұраған жандардың 48-не психологиялық көмек, 28 адамға құқықтық, 34 тұрғынға әлеуметтік кеңес берілген.

Қазіргі таңда мекемені паналап отырған жан жоқ. Бірақ кез-келген сәтте орталыққа зорлық-зомбылықтың құрбаны келіп түсуі мүмкін. Орталықтың мамандары тәуліктің кез-келген уағында көмек сұраған адамды қабылдауға дайын.

- Адам қиындық көріп жатса, жолдасынан, енесінен зорлық-зомбылық көріп жатса, психологиялық немесе ұрып-соғу болса, өзінің учаскесі бойынша полицияға жүгінеді. Біз қала бойынша жұмыс істейміз. Бізге полицияның жолдамасымен, травмпунктың қағазын алып келеді. Міндетті түрде әйел адам медициналық тексерістен өтеді. Ол бізге бірнеше баласымен келіп жата алады. Емшектегі баласымен де, қанша баласы бар сонша қабылдаймыз. Бізде үш фельдшер, үш күзетші 24/7 жұмыс істейді.Заңгер, психолог, әлеуметтік педагогтер, мәдени ұйымдастырушы, кіші қызметкерлеріміз бар. Бізге тамақ сырттан келеді. Біздер дайындамаймыз. Тендермен ұтып алып, тамақты алып келеді. Қызмет алушылар үш мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Оларды екінші қабатқа орналастырамыз, барлық төсек-орын, жуынатын заттар барлығы тегін беріледі. Орталыққа келген адаммен сөйлесіп, мәселесін тыңдаймыз. Кейін мамандармен бас қосып, бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселелермен жұмыстанамыз. Егер қызмет алушы ажырасамын, мүлікті бөлемін, алимент өндіремін десе, заңгер сотқа дейінгі көмек көрсетеді, - деді Орал қаласының тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының директоры Гүлнәр Кабулова.

Зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығында зәбір көрген жандар бір айдан алты айға дейін өмір сүре алады. Мекеменің көмегіне жүгінетін жандардың дені – әйелдер. Өткен жылы осы 74 адам мекемені паналапты. Қызмет алушылардың біреуі ер адам, 23 әйел мен 50 бала өмір сүрген. 

Мемлекеттік мекеме ең алдымен қорлық көрген адамның психологиялық күйімен жұмыстанады. Орталықтың психологы Әсем Жаксымбетова адаммен сөйлесіп, жанын емдеуге тырысады.

- Бізге қызмет алушы түскенде оның психо-эмоционалды күйі әртүрлі болады. Бірі - депресияда, енді бірі стрессте болады. Бес күндей қызмет алушыға мониторинг жүргіземіз. Алғашқы бес күнде сөйлесіп, психологиялық кеңес беріп, диагностикадан өткіземіз. Оның психо-эмоционалды күйіне қараймыз. Міндетті түрде суицидке, стресске, депрессияға тексереміз. Барлық тексеріс бір күнде болмайды. Сатылай, біртіндеп орындаймыз. Осылардың жауабы дайын болғанда, қорытынды шығарамын. Адамның психологиялық жағдайын зерттеп,  жоспар жасақтаймыз. Сол жоспар бойынша мамандармен бірлесіп, жан-жақты жұмыс істейміз, - деді Әсем Жаксымбетова.  

Орталық мамандары зорлық-зомбылықтың құрбаны деген тек тұрмысы төмен отбасыларда өмір сүрмейтінін айтады. Осы кесел жоғары дипломы бар, белді мекемеде жұмыс істейтін мамандар шалдығатынын айтады. Олар отбасында жанжалдан шаршап осы мекемені паналауға келеді. Тұрмыста зәбір көріп, көңілінің хошы жоқ адамның бос уақытын ұйымдастыруға не құлқы не уақыты болмайды. Орталықта өмір сүретін балалар мен олардың аналарына түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Олар музей аралап, кинотеатрда кино көріп, орталық саябақта серуендейді.

Зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығын паналаған жандарға заңгер мен әлеуметтік педагог және әлеуметтік қызметкерде көмек көрсетеді. Заңгер жәбір көрген адамның арызын сотқа дейін жолдауға ат салысады. Орталыққа келген жандардың кейбірі некесін бұзып, ажырасуды көздейді. Уақыт өте келе олар бұл ойынан айнып, жолдасымен татуласып, жанұясын сақтап қалады. Ал кейбірі ресми түрде некесін бұзады. 

Биыл орталықты паналаған 15 адам отбасына оралған. Тоғыз тұрғынды туыстары алып кетіпті. 12 адам жалдамалы пәтерге шыққан. Бір адам саулығына байланысты Облыстық психикалық денсаулық орталығына орналастырылған. Жеті адам Ақтау қаласының дағдарыс орталығына қоныс аударыпты. Емізулі баласы бар келіншек «Аналар үйіне» ауысқан.

Мекеме қызметкерлері дағдарыс орталығын паналаған адамдармен үнемі байланыста болады екен. Оларды түрлі іс-шараларға шақырып, демеу болып, мәселесін шешуге ат салысады.

Қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен осы қылмысқа барғандарды қудалауды күшейтіп, қылмыстық жауапкершілік енгізді. Десек те, қанша заң қабылданғаны мен тұрмыста зорлық көргендер бар. Батыс Қазақстан облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша қанша іс тіркелгені, қанша іс тергеліп жатырғанын облыстық полиция департаментіне 20 қарашада сұрау салдық. Тәртіп сақшылары әлі күнге дейін сауалдарымызға жауап берген жоқ. Өңірдегі көрсеткіштерді міндетті түрде жариялаймыз.