Биыл ел аумағында 42 миллион тоннадан астам мал азығы дайындалды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді. Министрлік облыс әкімдіктерінің берген мәліметін негізге алыпты.
Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, биыл 26,9 миллион тонна пішен, 2,9 миллион тонна сүрлем, 2,3 миллион тонна пішендеме, 5,5 миллион тонна құнарлы мал азығы дайындалған. Барлық азық жоспардан артық жинақталған.
- Мал азығының негізгі түрлері бойынша жоспарлы көрсеткіштердің артығымен орындалуы қосымша қор қалыптастыруға және алдағы қысқы кезеңде қолайсыз ауа райы жағдайларының ықтимал әсеріне мал шаруашылығы кәсіпорындарының төтеп беруіне жол ашады, - деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Биылғы азықтан бөлек, өткен қыстан қалған 3,6 миллион тонна мал азығы бар екен. Өткен жылғы азық та шаруашылықтардың қажеттілігін өтеуге жұмсалмақ.
- Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мал азығы ресурстарымен қосымша қамтамасыз ету мақсатында "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" акционерлік қоғамы алдағы қысқы кезеңге арнап жемдік астық қорын қалыптастырады. Қажет болған жағдайда ол резервтік ресурс ретінде пайдаланылады, - деп хабарлады министрлік.