Елімізде тегін онкологиялық скринингтен өткен азаматтар арасында қатерлі ісікті анықтау деңгейі бір жылда 62%-ға артты. 2026 жылдың тоғыз айында дәрігерлер 3 016 науқастан дертті дер кезінде тапқан. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Былтыр дәл осы кезеңде 1 862 жағдай ғана тіркелген еді.
Мамандар ауруды асқынбай тұрып, ең алғашқы I сатысында анықтау үлесін 71,6%-ға дейін жеткізді. Уақытылы қойылған диагноз мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Қандай аурулар жиі анықталуда?
Жыл басынан бері еліміз бойынша 3,23 миллионнан астам тұрғын тексеруден өтті. Бұл — жоспарланған халықтың 57,1%-ы. Ең жоғары өсім ішек, сүт безі және жатыр мойны обыры бойынша тіркеліп отыр:
- Сүт безі обыры: 2 049 жағдай анықталды (былтыр — 1 293, өсім — 58,5%).
- Колоректальдық (тоқ ішек) обыр: 590 жағдай тіркелді (былтыр — 330, өсім — 78,8%).
- Жатыр мойны обыры: 377 әйелден табылды (былтыр — 239, өсім — 57,7%).
- Обыралды (ісік алды) жағдайлар: 5 295 адам дер кезінде есепке алынды (былтыр — 3 373, өсім — 57%).
Қазір Қазақстанның барлық 20 өңірінде орталықтандырылған скрининг үлгісі жұмыс істейді. Егер алғашқы талдау күмән тудырса, науқас ұзын-сонар кезекке тұрмай, «жасыл дәліз» арқылы тереңдетілген тексеруге бірден жолдама алады.
Мәселен, талдауы оң нәтиже көрсеткен соң колоноскопиядан өткен азаматтардың үлесі 58,7%-ға дейін өсті. Дәрігерлер 40 пен 70 жас аралығындағы азаматтарды тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, МӘМС аясындағы тегін скринингті өткізіп алмауға шақырады.