• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • € 570,48 ₸
  • ₽ 6,78 ₸
  • Уральск

Меню

Қазақстанда жаттықтырушылардың жалақысы көбейді

Қазақстанда жаттықтырушы-оқытушылардың жалақасын көтеруге 1,8 млрд теңге бағытталмақ
Қазақстанда жаттықтырушылардың жалақысы көбейді
Сурет "ЖИ" (gemini) көмегімен жасалды

Елімізде балалар спорт мектептерінде істейтін бапкерлердің еңбекақысына 30 пайыздық үстеме қосыла бастады. Ол үшін мамандар арнайы тестілеуден өтіп, өз біліктілігін дәлелдеуі тиіс. Бұл өзгеріс спорт секцияларындағы білім сапасын арттыруды көздейді, деп Туризм және спорт министрлігі хабарлайды.

Бапкерлерге қойылатын талап күшейді

Жалақыны өсіру туралы шешім туризм мен балалар спортын қолдауға бағытталған жаңа заң аясында жүзеге асып жатыр. Енді қосымша ақы тек Ұлттық даярлық стандарттарымен жұмыс істейтін және аттестациядан сәтті өткен жаттықтырушыларға ғана төленеді.

Жыл басынан бері 5,8 мыңнан астам маман біліктілігін арттыру курстарын аяқтады. Жоспар бойынша, жыл сайын елдегі бапкерлердің кемінде үштен бірі осындай тексерістен өтеді. Бұл секцияларға баратын 400 мыңға жуық баланың сапалы әрі қауіпсіз ортада жаттығуына кепілдік береді.

74 миллиард теңге қайда жұмсалады?

Үкімет 2026–2028 жылдар аралығында бұл салаға 74 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр. Оның 1,8 миллиард теңгесі тікелей бапкерлердің жалақысын көбейтуге бағытталады. Бұл қаражатты жергілікті бюджет қамтамасыз етпек.

Бөлінген қаржының басым бөлігі спорт мектептерінің жағдайын жақсартуға жұмсалмақ. Атап айтқанда, жаңа құрал-жабдықтар мен киім-кешек сатып алу, балаларды жарыстарға жіберуге көп көңіл бөлінеді.

Өзгерістің түпкі мақсаты не?

Бүгінде елімізде 526 спорт мектебі бар. Олардың қабырғасында 15 мыңнан астам жаттықтырушы жұмыс істейді. Билік еңбекақыны өсіру арқылы саладағы тәжірибелі мамандарды сақтап калып, жастардың бапкерлікке келуіне жол ашуды көздейді.

Сонымен қатар спорт мектептерін жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшіру жоспарланған. Бұл әрбір баланың артынан нақты қаржы бөлініп, ауылдар мен қалалардағы секциялардың бәсекеге қабілетті болуына септігін тигізеді.