Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты тіркеуде жоқ көлікті тізгіндеген жүргізушіге қатысты істі қарады. Көліктің мемлекеттік нөмірі салынған жақтаудағы әдепсіз жазу тәртіп сақшыларының назарын аударған.Сотта іске қатысты фотоматериалдар зерттеліп, ондағы сөздердің дөрекі әрі балағат екені ресми түрде дәлелденді.Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Судья бұл жазуды көліктің сыртына орналастыру қоғамдық ортаға, соның ішінде жасөспірімдер мен балаларға кері әсер ететінін атап өтті. Көпшілік көретін жерде бейпіл сөз қолдану — мораль мен әдеп нормаларына қайшы.
Нәтижесінде жүргізуші Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша кінәлі деп танылды. Оған 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Автокөліктегі кез келген бейпіл жазу, стикер немесе агрессивті сөз тіркестері жай ғана стайлинг емес, заң бойынша ұсақ бұзақылық болып саналады. Бұл жағдай көлік иелеріне аксессуар таңдауда абай болу керектігін ескертеді.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.