Қазақстан Ұлттық ұланының әскери бөлімдерінде сарбаздар "Кітап оқитын ұлт" марафоны мен BOOKGUARD әдеби челленджі аясында Қожа Ахмет Ясауи мұрасын оқып-зерттеп жатыр. Ұлы ойшылдың ілімі әскери-патриоттық тәрбиеге қалай ықпал ететіні туралы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының ресми өкілі Әлібек Әбділов айтып берді.
Оның айтуынша, түркі әлемінің рухани тарихында ерекше орын алатын Қожа Ахмет Ясауидің адамгершілікке, адалдыққа, әділдікке, сабырлылыққа, ел бірлігі мен қоғам алдындағы жауапкершілікке үндейтін ілімі бүгінде өзектілігін жоғалтқан жоқ. Мемлекет басшысының ойшыл мұрасын кеңінен насихаттау жөніндегі бастамасы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тарихи сананы жаңғырту және жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыру тұрғысынан аса маңызды.
- Әрине, Қожа Ахмет Ясауи ілімін тікелей әскери тәрбиеге арналған ілім ретінде қарастыру дұрыс болмас еді. Дегенмен оның еңбектерінде көрініс тапқан адалдық, ар-намыс, жауапкершілік, бірлік, ізгілік және қоғамға қызмет ету секілді адамгершілік қағидаттары әскери қызметтің негізгі құндылықтарымен үндеседі. Өйткені Отанға адал қызмет ету, ел тыныштығын сақтау, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету - әскери қызметшінің басты міндеттерінің бірі, - деді Әлібек Әбділов.
Бүгінде Ұлттық ұланның еліміздің әр өңірінде орналасқан әскери бөлімдерінде жеке құрамның рухани және зияткерлік дамуына бағытталған мәдени-ағартушылық іс-шаралар тұрақты өткізіледі. Атап айтқанда, мерзімді қызметтегі сарбаздар мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер «Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысып жатыр.
Бұл бастаманы қолдау үшін бөлімшелерде арнайы кітап бұрыштары жасақталған. Онда сарбаздар бос уақытында көркем, тарихи-танымдық әдебиеттермен қатар Қожа Ахмет Ясауи шығармаларын оқи алады. Сонымен қатар әдебиеттерге қолжетімділікті арттыру мақсатында Ұлттық ұланның қызметтік порталына марафон аясында ұсынылған кітаптардың электрондық нұсқалары жүктелген.
- Қожа Ахмет Ясауи ілімін насихаттауда оның тарихи, философиялық, мәдени және адамгершілік қырларына басымдық берілуі қажет. Бұл ретте қолданыстағы тәрбие жұмыстарын ғалымдар, тарихшылар, дінтанушылар мен ясауитанушы мамандардың қатысуымен өтетін танымдық кездесулер, дәрістер және ашық пікір алмасулармен ұштастыру маңызды. Мұндай шараларда ойшылдың өмір жолы мен "Диуани хикмет" еңбегіндегі қағидаттар ғылыми тұрғыдан түсіндірілуі тиіс, - деп атап өтті ведомствоның ресми өкілі.
Әлібек Әбділовтің сөзінше, ұлы тұлғалардың өнегелі өмірі мен халқымыздың рухани мұрасын дәріптеу ұлттық бірегейлікті нығайтуға ықпал етеді, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.
Айта кетейік, биыл көктемде Ұлттық ұланның Түркістан қаласындағы №5574 әскери бөлімінде әскери қызметшілердің оқу мәдениетін дамытуға бағытталған BOOKGUARD әдеби челленджі бастау алған болатын. Бұл бастама өзге де әскери бөлімдердің қолдауымен әлі күнге дейін жалғасып келеді.