Ұлттық банк күмістен жасалған жаңа коллекциялық монетаны айналымға шығарды. Жаңа ділдә "AQYQ" деген атауға ие. Ол "Сиқырлы нышандар" сериясымен бес мың дана жарық көрді. Жаңа монетаның салмағы -20 грамм, диаметрі-33 мм, дайындау сапасы -antique silver, номиналы - 1000 теңгені құрайды.
- "AQYQ" - жартылай асыл тас. Халцедон тобына жатады. Зергерлік бұйымдар мен сәндік заттарда қолданылады. Монетаның көркемдік безендірілуінен қазақ зергер өнерінің қолтаңбасы айқын көрінеді: зерделі сіркелеу әдісі, теріс бетіндегі өрнек пен ақық қондырмасы өзара жарасым тапқан. Монетаның жоғарғы бөлігінде алқа бауын тағуға мүмкіндік беретін арнайы баулық қарастырылған, - деп хабарлады Ұлттық банк.
Коллекциялық монеталар Теңге сарайында дайындалады. Жаңа монеталар ел аумағында өзінің белгіленген құнына сай барлық төлем түрінде қабылдауға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады.
Коллекциялық монеталарды Ұлттық банктың интернет-дүкенінен https://kazcoins.nationalbank.kz сатып алуға болады.