Ауыл тұрғындарының көптен күткен арманы орындалды. Бұрын спорт және балалар алаңын көрші ауылдар мен қаладан ғана көріп, «біздер қашан осындай алаңға қол жеткіземіз?»- деп қыңқылдайтын балалардың бұл күні қуаныштан жүздері бал-бұл жанды.

Себебі осы күнге дейін ауыл халқында мұндай құрал-жабдықтар, алаң деген атымен болмаған. Енді жастан кәріге дейін спорт алаңына келіп, салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасалып отыр. Бұқаралық спорттың қолжетімді болуына халық дән риза.
- Балаларға салған алаң құтты болсын! Немере-шөберелеріміз келіп ойнап, мәз-мейрам болып жатыр. Ауыл тұрғындарына да жақсы болды. Біз тек қуанамыз жасалған іске,-дейді ауыл тұрғыны Бақыт Тастанбекова.
Жаңа алаңның ашылу салтанатына жиналған халық ән мен би тамашалап, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Ал бүлдіршіндер әткеншек теуіп, жасөспірімдер жасанды көгалды алаңда доп тебуге кірісіп, футболдың қызығына түсті.
- Округіміз бойынша керемет балалар алаңы мен спорт алаңы біріктіріліп тұрғызылды. Осыған қолдау көрсетіп, қаражат бөлген аудан әкіміне, мәслихат депутаттарына алғыс айтамыз, - деген Макаров ауылдық округінің әкімі Еркін Абилкакимов нысан халық көңілінен шыққанын атап өтті.
Жаңа алаңның ашылу салтанатына орай шағын футболдан жарыс ұйымдастырылды. Спортқа бір табан жақын боп өскен бала теріс қылықтардан ада болады. Дені сау ұрпақ-салауатты өмір салтына бейім болуы керек,- дейді жиналған аға буын өкілдері. Айта кетейік, биыл Макаровқа қатынайтын 12 шақырым жол тақтайдай боп асфальтталды. Тұрғындар үні билікке жетіп, ауылда алға ілгерілеу байқалуда.

Біз әр оқырманымызды бағалаймыз, сондықтан түсініктеме беру кезінде ұсыныстармен мұқият танысып шығыңыз.