Маңғыстауда облыстық аурухананың бас есепшісі 32 миллион теңге жымқырғаны үшін сотталды. Сот есепшіге жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесіп, бес жылға бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салды. Сотталған есепшіге танысы көмектескен. Сот үкімімен бухгалтерге көмектескен сыбайласы да жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
Маңғыстаулық прокурорлар медициналық мекемені тексергенде қыруар қаражатты жымқыру фактісін анықтады. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы төртінші бөлігінің екінші тармағымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында аурухананың бас есепшісі өзінің танысымен келісіп, бюджет ақшасын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың есепшотына аударып келген. Кейін қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған.
Сот отырысында сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.