Ащы су ұртап, көлік жүргізуші құқығынсыз темір тұлпарды басқарған маңғыстаулық жүргізуші 20 тәулікке қамалды. Маңғыстау аудандық сотының баспасөз қызметі, оқиғаның 21 мамырда болғанын мәлімдеді.

Маңғыстау ауданының Шайыр ауылында заң бұзған адам көлік басқару құқығынсыз, темір тұлпарды масаң күйде басқарғаны анықталған. Көлік басқарған жанның кінәсі өзінің түсініктемесі, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, медициналық куәландыру қорытындысымен дәлелденіпті.

Соттың қаулысымен заң бұзған адам әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608- бабы, алтыншы бөлігі бойынша кінәлі деп танылған. Ол 20 тәулік мерзімге қамаққа алу түріндегі жазаны арқалады.

Сот қаулысы заңды күшіне енген.