Маңғыстауда марихуана есірткісін тасымалдап, оны сақтаған екі күдікті қолға түсті. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлады. Сайт таратқан ақпаратқа сүйенсек, "Қарасора-2026" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында құқық қорғау органдары Мұнайлы ауданында BMW автокөлігін тоқтатты. Көліктің ішінде екі ер адам болған.Тәртіп сақшылары "Кира" қызметтік итінің көмегімен тінту жүргізген. Олардың бірінен жеке тінту барысында салмағы 34,6 грамм марихуана салынған орама табылып, тәркіленіпті.
- Сот шешімімен автокөлік жүргізушісі жеті жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды. Ал екінші ер адамның медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес есірткілік масаң күйде болғаны анықталды. Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-1-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары Жаңаөзен қаласында да тұрғын үйде тінту жұмыстарын жүргізді. Тінту барысында гараж бен шаруашылық бөлмелерінен жалпы салмағы 198,37 грамм марихуана салынған көптеген орамалар мен пакеттер табылып, тәркіленді. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодексінің 296-бабымен қылмыстық іс қозғалған.
Қос дерек бойынша полиция қызметкерлері 232,97 грамм марихуанна тәркіленіпті.