• Курсы предоставлены Национальный банк Казахстана
  • $ 491,37 ₸
  • 570,48 ₸
  • 6,78 ₸
  • Уральск

Меню

Мемлекетке 17 млн теңге залал келтірілген бе?

Қоғамдық тамақтану қауымдастығының өкілдері мектепте тамақтандыру саласын сынға алды. Олар кейбір білім беру ошақтарында жұмыс істейтін кәсіпкерлер асхананың жалдау құны мен коммуналды төлемді төлемей келгенін айтты.
Мемлекетке 17 млн теңге залал келтірілген бе?
Фото "МГ" порталының мұрағатынан

Батыс Қазақстан облысында мектеп асханасын жалға алып, балаларды тамақтандыратын кәсіпкерлер жалдау құнын әртүрлі төлеп жүр. Бұл туралы қоғамдық тамақтану қауымдастығының өкілдері мен қоғамдық кеңестің мүшесі Бауыржан Зәки мәлімдеді. Қоғамдық кеңестің мүшесіне 7-8 ай бұрын балаларды тамақтандырумен айналысатын кәсіпкерлер базынасын айтып, шағымданыпты.

— Мен заңгер ретінде талдау жасап, анализде заң бұзушылықтарды анықтап шығардым. Анықтама жазып, оны тиісті мемлекеттік органдарға жазған болатынбыз. Біздер 7-8 ай жүргеннен кейін Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы мен Орал қаласының прокуратурасы Жанар Иманғалиева мен жас прокурор жігіт Асан деген азамат сөзімізді қуаттап, прокурорлық тексеріспен бірқатар заңбұзушылықтар анықталғанын көрсетіп, заң бұзушылықты жою туралы ұсынысты, бірқатар әкімдікке, Білім басқармасына, Мемлекеттік сатып алу басқармасына енгізген болатын, – дейді Батыс Қазақстан облысы қоғамдық кеңестің мүшесі Бауыржан Зәки.

Главный баннер

Кәсіпкерлер мектептегі тамақтану саласындағы мәселені жіпке тізді. Қауымдастығының төрайымы Екатерина Зотова мән-жайды былай деп баяндады.

— 2025 жылдың қазан айынан бастап осы мәселе бойынша біз әр түрлі мемлекеттік органдарға он ай бойы жүгініп, анықталған заңбұзушылықтарды көрсеттік және тиісті шаралар қабылдауды талап еттік. Алайда ұзақ уақыт бойы ешқандай нақты шара қолданылған жоқ. Біздің өтініштерімізге қарамастан, көрсетілген жеткізушілермен 2026 жылға арналған тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша шарттар ұзартылды. Нәтижесінде кәсіпкерлер табыс табуын жалғастырды, ал асхана үй-жайы мен жабдықтарды жалға алу шарты жасалған жоқ. Асхана мен жабдықтар үшін жалдау ақысы төленбеді, сондай-ақ коммуналдық қызметтер де төленбеген болуы мүмкін деп болжаймыз. Мұның соңы мемлекетке шамамен 17 млн теңге көлемінде залал келтіруге соқтырды. Егер мемлекеттік органдар біздің өтініштерімізге уақтылы ден қойып, қажетті шараларды қабылдағанда, тамақтандыру шарттары ұзартылмас еді, демек, мемлекетке соншалықты үлкен залал да келмес еді.  Осыған байланысты, 2025 жылы келтірілген залалды өтеу мәселесі кінәлі лауазымды тұлғаның, соның ішінде баланста ұстаушының есебінен өтелуі тиіс деп есептейміз, –дейді Екатерина Зотова.

Кәсіпкерлер бір жобамен салынған мектептер барын айтады. №4, №31 және №33 мектептің жобасы бірдей екен. Осы үш білім беру мекемесінде бала саны мен асхананың аумағы да бірдей көрінеді. Алайда №31 мектепте жұмыс істейтін кәсіпкер асхананы жалдау мен коммуналды төлемді төлесе, №33 мектепе жұмыс істейтін кәсіпкер білім беру ұйымымен ғимаратты жалдау туралы келісімін жасаспаған анықталыпты.

№33 мектепте жұмыс істеген кәсіпкер Теректі ауданына қарасты Подстепное ауылының №2 мектебінде де қызмет көрсеткен. Жиынға қатысқан диетолог Индира Ешмұханова кәсіпкердің санитариялық-эпидемологиялық бақылау басқармасынан екі бірдей санитарлық рұқсаты барын айтты. Бірінші алған құжатта мектептің жалпы ауданы толықтай көрсетілген екен. Екінші құжатта ол деректер біраз өзгеріске ұшыраған көрінеді. Аудандық білім беру бөлімінің заңгері Ерлан Қуанышқалиев кәсіпкермен шарт бұзылғанын, сотта кәсіпкерден 2026 жыл үшін тоғыз миллион өндіру туралы соттың шешімі барын айтты. Бірақ сот шешімі әлі өз күшіне енбепті.  

Қоғам белсенділері қазіргі таңда мектептегі тамақтандыру бойынша бес іс сотта қаралып жатқанын айтады. Олар бұл мәселе әр өңірде бар екенін де тілге тиек етті. Қоғам белсенділері мемлекеттік сатып алу саласы мен элекронды үкіметте ортақ интеграция орнатуды ұсынып отыр. Бұл ұсынысты Бас прокуратура мақұлдап, тиісті заң нормаларын өзгерту үшін жұмыстанып жатыр екен.

Главный баннер --> after article