Жаңа оқу жылы жақындаған сайын ата-аналар балаларын мектепке дайындап, керек-жарақ оқу-құрал, киім-кешекті түгендеуге кіріседі. Осы уақытта дәрігерлер баланың ұйқы режимін дұрыстауды еске салады. Денсаулық сақтау министрігі жас ерекшелегі бойынша бүлдіршіндердің қанша уақыт тынығуы керек кесте жасақтады.
— Жаңа оқу жылы басталғанға дейін ата-аналарға балалардың қалыпты ұйқы режимін алдын ала қалпына келтіру ұсынылады. 6–12 жастағы мектеп оқушылары тәулігіне 9–12 сағат, ал 13–18 жастағы жасөспірімдер 8–10 сағат ұйықтауы қажет. Толыққанды демалыс баланың зейінін шоғырландыруына, жаңа ақпаратты жақсы меңгеруіне және оқу күні бойы жұмысқа қабілеттілігін сақтауға көмектеседі, — деп ескертеді денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Жаз уақта балалардың көбі кеш жатып, ұйқыдан кеш тұрып, күн режимін бұзып алды. Дәрігерлер баланың сабақта зейіні ашылып, жас организмнің шаршап қалмауы үшін ұйқы режимін қатаң ұстануға шақырады. Балақайлардың бір уақытта ұйықтап, бір уақытта оянуы да маңызды екен. Толыққанды ұйқы ағзаның қалпына келуі үшін қажет және зейінге, есте сақтау қабілетіне, эмоционалдық жағдайға, сондай-ақ жаңа ақпаратты қабылдау қабілетіне тікелей байланысты.
Дәрігерлер бірінші сыныптың оқушыларының ұйқы режиміне көп көңіл бөлу керектігін атап өтті.
— Бірінші сыныпқа бару баланың қалыптасқан күн тәртібін айтарлықтай өзгертеді. Жаңа режим, сабақтар, ерте тұру және көптеген жаңа әсерлер бейімделуге белгілі бір уақытты талап етеді. Сондықтан қажет болған жағдайда мамандар бірінші сынып оқушыларына ұзақтығы екі сағатқа дейінгі қосымша күндізгі демалысты қарастыруды ұсынады. Алғашқы апталардағы басты міндет – баланың жаңа күн тәртібіне біртіндеп үйренуіне көмектесу және оның қалпына келуіне жеткілікті уақыт беру, – деп хабарлайды министрлік.
Каникулдан кейін мектеп режимін қалай қалпына келтіруге болады? Министрліктің кеңесі мынадай:
- Күн тәртібін сақтау. Баланы күн сайын шамамен бір уақытта ұйықтатып, бір уақытта оятуға тырысқан жөн. Мүмкіндігінше демалыс күндері де қалыптасқан тәртіпті сақтаған дұрыс. Ұйықтар алдында гаджеттерді пайдалануды шектеу. Кешкі уақытта смартфон, планшет және компьютерді пайдалануды азайтып, сондай-ақ тым белсенді ойындар мен эмоциялық тұрғыдан әсерлі контенттен бас тартқан жөн.
- Ұйқы алдында тыныш орта қалыптастыру. Серуендеу, жылы душ қабылдау, кітап оқу немесе тыныш әңгімелесу балаға күндізгі белсенділіктен демалысқа ауысуға көмектеседі.
- Бөлмені ұйқыға дайындау. Бөлмені үнемі желдетіп, қолайлы температураны сақтап, жайлы ұйықтайтын орын ұйымдастырған жөн. Ұйқы уақытын қысқартуға болмайды Қосымша сабақтар, үй тапсырмалары немесе ойын-сауықтар түнгі демалыс уақытын үнемі қысқартпауы тиіс. Ұйқының жеткіліксіздігі кері әсер етуі мүмкін: баланың зейінін шоғырландыруы, назарын сақтауы және оқу күні бойы нәтижелі жұмыс істеуі қиындайды. Сондықтан мектеп басталғанға дейін күн тәртібін қалпына келтіріп, ерте тұру мен уақытында ұйықтауды біртіндеп қалыпты әдетке айналдырған дұрыс.