Орал қаласында үш жер телімі бойынша байқау өтеді 

Игерілмей жатқан жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылып, жұмыс істегісі келетін тұлғаларға беріледі. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы аумақтар байқау негізінде, ал коммерциялық жер телімдері аукцион арқылы ұсынылады. Қазір үш жер үлесі бойынша құжаттама дайын. Круглоозерное кенттік округіндегі 3 жер телімінің жалпы аумағы – 1200 га. Бұл жер 5-10 жыл бойына пайдаланылмай бос жатқан. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы аумақтарды шаруа қожалықтары мемлекетке өз еркімен қайтарған. Қала аумағындағы шаруашылыққа арналған жер көлемі 49 мың га. Олардың мақсатты игерілуіне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Ал күтіп-бапталмаған жер телімдері жаңа қожайындарға беріледі. Енді өткен жылы мемлекетке қайтарылған аумақтарды байқау негізінде жалға алуға болады. Ең үлкен жер телімінің аумағы - 860 га. - Бұл жер телімдері Круглоозерное кенттік округінде орналасқан. Серебряков пен Круглоозерное кенттерінің маңында. Санаты егістік жерге жатады. Бұл аумақтың жері құнарлы. Тыңайтқыштар пайдаланып, күтіп-баптап ұстаса, жоғары өнім береді, - дейді Орал қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Махамбет БАТЫРҒАЛИЕВ. Байқау жайлы хабарландыру қалалық әкімдік сайты мен бұқаралық ақпарат құралдарында бір ай бұрын жарияланды. Құжаттар 21 қарашаға дейін қабылданады. Жер телімдерінің техникалық құжаттамасы жасалынған, шекарасы белгіленген. Арнайы байқау комиссиясы бекітілген. Өтініштер белгілі бір өлшемдермен қаралады. - Осы салада тиісті білімі, техникасы, малы болса, соның бәрі ескеріледі. Бұл құжаттар тізімінде көрсетілген. Комиссия осы талаптарға сай келетін тұлғаларды анықтайды. Жер телімдері 10 жылға, яғни ұзақ мерзімге жалға беріледі, - дейді Орал қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Арман БИСИМБАЛИЕВ. Елімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге мораторий жарияланғаны белгілі. Сондықтан жеке меншікке берілмейді. Қазір қалалық әкімдікте тағы 5 жер теліміне құжаттама дайындалып жатыр. Олар желтоқсанда аукционға шығарылмақ. Естеріңізге сала кетсек, жер телімі аукционға құнын арттыру тәсілі бойынша екі рет шығарылады. Осы уақытта оны сатып алушы табылмаса, тағы бір рет аукцион өткізіледі, онда жер телімінің құны 50% дейін төмендетілуі мүмкін. Егерде осы жағдайда да сатып алушы табылмаса, жер телімі аукционнан алынады. Аукцион жер телімі бойынша келісімнің ашық болуына кепілдік ету үшін енгізіледі. Оған тек қана Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары қатыса алады. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp