Орал қаласында өткен кезекті жиын барысында латын графикасына көшу талқыланды

Кездесуге тіл жанашырлары, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен оқушылар қатысты. Қазақ елі латын графикасына кезең-кезеңімен көшетіні белгілі. 2022-жылдан бастап мектеп оқушылары жаңадан қабылданған әліпби бойынша оқуды бастамақ. Ең алдымен қазақ тілі пәні латын қарпіне өзгертіліп, кейіннен басқа пәндер де осы қаріпбиге көшіріледі. Қазақ елінің кирил әліпбиінен латын қарпіне көшетіндігі туралы шешімі қоғамда қызу талқыға түсуде. Бұқараның бір тобы жалпы әліпбиге байланысты, бірі жекелеген дыбыстарға байланысты, енді бірі әліпбиді енгізуге байланысты өз  алаңдаушылықтарын білдіріп жатыр. Деседе, «Сыны да, міні де терілген латын графикасына көшу арқылы ана  тіліміздің қайта түлейтіні анық», - дейді тіл жанашырлары. Себебі кирилл әліпбиінің салдарынан бұзылған қазақ тілінің табиғи үндесім заңдылығы мен әуезі төл емлемізге сай қайта қалпына келеді. Үш кезеңмен атқарылатынын латын әліпбиіне өту жұмыстарының бірінші кезеңі бүгінде кеңінен жүргізілуде. Ұлт пен тіл тарихында ойып орын алар бұл шешім жүрегі қазақ деп соғар әр азаматтың, соның ішінде жастар қауымының үлкен қолауына ие. -«Мен үшін латын әліпбиіне көшу қиын болмайды. Керісінше қуанар едім. Себебі түркі тілдес ағайындардың біразы осы қаріпбиді қолданады. Қайта оралуымыз орыды-ақ»,- дейді мектеп оқушысы Гүлназ Жолдиева. 2020-жылдан бастап 2022-жылға дейін оқулықтар мен оқу бағдарламаларын латын графикасына көшіру мақсатында жыл сайын 20 миллиардтан астам қаржы бөлініп отырмақ. Ал мектеп оқушылары жаңа графика бойынша 2022-жылдан бастап оқытыла бастамақ. Оған дейін оқытушылар мен мұғалімдер  арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, қазақ тіліне бейімделіп жасалған латын әліпбиінің емле-ережелерін үйренеді. Тілтанушы ғалымдардың алдында тұрған басты мәселе - жаңа емле-ережелерді қалыптастыру. Оның төл дыбыстарымыздың  барлық бояуларына қанық болуы да маңызды міндет. Осы жұмыстар 2025-жылға дейін тыңғылықты түрде атқарылмақ. Еске сала кетейік, әліпбидің ресми қабылданған нұсқасы да әлі жетілетін болады. Және оны қабылдап, көшу үрдісі кезең-кезеңмен жүргізілмек.   Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp