07 сентября 2018

Орал қаласында Депо ауданындағы көпір қолданысқа берілді

Депо ауданындағы көлік көпірі 1965-жылы салынған. Сол уақыттан бері ешқандай күрделі жөндеу көрмеген болатын. Былтырғы жылдың наурыз айында көпір күрделі жөндеуге байланысты 2 жылға, яғни 2019-жылға дейін жабылды. Бірақ мердігерлер оны мерзімінен ерте тапсырып отыр. Ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Сейдірұлы, қала әкімі Мұрат Мұқаев және зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, қарапайым қала тұрғындары қатысты. Сонымен бір жарым жылда көпір толықтай дерлік қайтадан салынып отыр. Бұрын жолдың ені 11 метр болса, енді 20 метрге дейін кеңейтілген. Көпірдің жалпы ұзындығы 536 метрді, кіре беріс жолдарымен қоса есептегенде 628 метрді құрайды. Тәулігіне 46 мың автокөлік өткізуге қауқарлы. -«Елбасымыз жүктеген тапсырмаларды орындау бағытында өңір тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсарту үшін бірқатар игі істер қолға алынуда. Соның бірі қала күні мерекесіне орай бүгінгі Депо көпірінің ашылуы. Облыс орталығындағы халық саны жыл санап өсіп келеді. Егер 2000 жылы қалада 210 мың тұрғын болған болса, бүгінде олардың саны 330 мыңды құрап отыр. Сәйкесінше шаһардағы көлік ағымы да бірнеше есе өсті. Әбден тозығы жеткен көпір жыл жарым уақыттың ішінде жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Енді Омега зауыты маңындағы көпір толықтай жабылып, биылғы жылдың соңына дейін бұзу жұмыстары жүргізіледі. Келер жылдың ерте көктемінен бастап ол жерден де су жаңа көлік өткелі санынатын болады,-деді қала әкімі Мұрат Мұқаев. Бұрын көпір жолының ені 11 метр, 2 жолақты болған еді. Халық саны мен көлік нөпірінің артуы көпірді жаңғырту қаженттігін туғызған-тұғын. Ал қазір жолдың ені 20 метр болып кеңейтіліп, 4 жолақ салынған. Жөндеуге байланысты уақытша қолайсыздықта бастан өткерген тұрғындар мен жүргізушілердің қуанышында шек жоқ. -«Жаңа көпір салынады дегесін біраз уақыт шыдап бақтық. Ақыры күткен күнімізге де жеттік. Осы кезге дейін біраз жерді айналып жүруге мәжбүр болған едік. Көңілімізден шығып жатыр»,-дейді қала тұрғыны Сайран Қажиақпаров. Көпір маңындағы жол бойында қозғалыс тәртібі өзгеріп, жол белгілері және жаяу жүргінші жолағы салынған. Сондай-ақ көпір үстінде бейнебақылау қондырғылары мен 18 жарық шамды бағана орнатылған. Көпір құрылысына 2 миллиард 300 миллион теңге қаражат жұмсалды. Бұл сома кен өндіруші кәсіпорынның әлеуметтік төлемдерінен бағытталған. Жолаушы көліктері бұрынғы сұлбасы бойынша Депо ауданыдағы көпір арқылы қатынауды 8-қыркүйектен бастайды. Олардың қатарында №22, №5, №20, №45 сынды маршруттар бар деп хабарлады жолаушы көлігі және авто көлік жолдары бөлімі. Арман КУРМАНАЛИЕВ
Стали очевидцем происшествия?  WhatsApp