Сымдары жиі үзілетін жарық бағаналарын жер асты кабельдеріне ауыстыру 2014-жылы басталған болатын.

Қазір сол жұмыстар жалғасып жатыр. Осыған дейін Еуразия даңғылында энергия үнемдегіш, қауіпсіз бағаналар орнатылды. Қанатқақты жобаның тиімділігі аңғарылып отыр. Нәтижесінде өзге көшелерге де осы жаңа бағаналарды орнату ісі қолға алынған. Еуразия даңғылы бойына 4 жыл бұрын сымсыз бағаналар орнатуға бюджеттен 250 миллион теңге жұмсалған еді. Қазіргі таңда Достық даңғылы мен Ықсанов көшелері сымсыз желіге көшуде.
Бағаналардың сымдары қысқы алай-дүлей боран мен қатты желде үзіліп, жарықсыз қалатын кездер талай тіркелді. Жер асты кабелдері арқылы тартылған сымсыз бағаналар мұндай қиындықтарды жояды. Және жаңа самаладай жарық шамдары электр энергиясын әлдеқайда үнемдейді, бағаналар тот баспайтын, жеңіл алюминий материалынан жасалған.
-«Мердігер кәсіпорын арнайы техникамен жолды бұзбай, жер астымен кабельдерді жүргізіп жатыр. Ықсанов көшесі біте келді. Қазір Достық даңғылына көңіл бөлінуде. Тәжірибеде сыналған бағаналар ескі темір бетонмен салыстырғанда қолайлырақ»,-дейді Орал қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Орынбасар Бисенғалиев.
Өрмекшінің өрнегіндей әуеде керілген сансыз сымдардан арылу –заман талабы. Еуропа елдерінде ұшқан құс ілінетін, тұрғын үй мен жол үстін айшықтай керілген мұндай кедергілер жоқ. Достық даңғылы бойындағы көлік жолына арнайы техникамен 148 бағананы орнату ісі қарқынды жүруде. Және 148 бағана жаяу жүргінші жолына қойылады.
-«Мен жер асты арқылы сымдары жүретін бағана дұрыс деп ойлаймын. Бұл да қаламызды дамытып, әсемдеу үшін атқарылып жатырған жұмыстың бірі шығар. Бастысы-қауіпсіздік»,-дейді қала тұрғыны Қайырбек Досжанов.
-«Темір бетонды бағаналар қауіпті. Боран мен желде құлауы мүмкін және сымдары үзіліп қалып, токқа соғылатын кездер болады. Жарық өшеді. Ал жер асты желісі қауіпсіз ғой»,-дейді қала тұрғыны Мария Андреева.
Қазіргі күні осындай желіні 16 нысанға жүргізу үшін жобалық сматалық құжаттар дайындалған. Оның бір бөлігі Қарашығанақ кен орнының әлеуметтік төлемдері арқылы жүзеге асса, 10 жоба мемлекеттік жеке серіктестік бағдарламасы аясында орындалмақ. Жер асты желісін тарту кезінде жолдар бұзылмайды, үлкен шұңқырлар қазылмайды. Жаңа технология арқылы электр желісі жер астына пластик құбыр ішіне салынып енгізіледі.
Арман КУРМАНАЛИЕВ