Орал қалалық № 22 балабақшасы адам танымастай өзгерді. Жөндеу жүргізілген жарты жылда әбден тозған ғимараттың іші-сырты бүтінделіп, айнала абаттандырылды.

- Бюджеттен бөлінген қаржы жаңғыртумен қатар, жарақтандыруға да жұмсалды. Сондықтан қазір құрал-жабдықтарды орнату, жиһаздарды жайғастыру жүруде дейді, - балабақша директоры Гүлмира Карабалкина.
№ 8-ші балабақшада қазір құрылыс қарқын алған. 280 балдырғанға лайықталған бөбекжай жарты ғасырдан бері жібі түзу жөндеу көрмепті. Сондықтан биыл ғимаратты толық жаңғыртуға 180 млн. теңге бағытталды.
- Бұл ақшаға шатыр жаңартылып, қабырға қапталады. Есік, терезе, еден ауыстырылады. Қазіргі таңда жаңадан кәріз, су, газ желілерін тартып жатырмыз. Жөндеу жұмысының 35 пайызы атқарылды, - дейді «АлатауАлдан Агро» ЖШС учаске басшысы Қуатқали Серәлиев.
Төрт балабақшаны күрделі жөндеуге қазынадан 366 млн. теңге қарастырылған. Кестеге сай нысандардың барлығы биыл пайдалануға берілмекші.
Қалалық білім беру бөлімінің бас маманы Жазира Рысқазиеваның айтуынша, келер жылға да жоспар құрылуда. Ол бойынша №5, 13 және 24 балабақшалар қайта жаңғырады. Қазір жобалық-сметалық құжаттарды дайындау жүруде.
Естеріңізге сала кетсек, биыл облыс бойынша құрылысы қолға алынған 8 мектептің 5-уі іске қосылады. Сарытаудағы 900 орындық мектептің жалпы құны - 1 млрд 888 млн теңге. Нысанды үшінші тоқсанда пайдалануға беру жоспарланған. Қазір құрылысқа 150 адам тартылса да жұмыс күшіне тапшылық сезілуде дейді, мердігер.
- Жұмысшылар жетіспейді. Осыған байланысты біз студенттер жасағын қабылдадық. Онда 20-дан астам адам бар. Бірақ бұл да задық етіп отыр. Тағы осындай екі жасақ берсе деп отырмыз. Жұмысшылардың ең төменгі жалақы мөлшері 80 мың теңге, - дейді «СВ+» ЖШС директоры Сәбит ӨТЕБАЛИЕВ.
Бұл мәселені оқу орындардың басшылармен бірлесе шешу тапсырылды. «Деркөл 2» аумағындағы мектепті келер жылы аяқтау көзделген. Алайда кестеден алда келе жатқан мердігер, нысанды желтоқсанда тапсыруды жобалап отыр.
«Деркөл» шағынауданында көше жөндеу жұмыстары да жалғасуда.
Қаладағы №4 мектепті салу да ойдағыдай іске асуда. Ғимарат құрылысы аяқталып, ішкі жұмыстар басталған. Жаңа білім нысандарын қажетті құрал-жабдықпен қамтуда жергілікті тауар өндірушілерге көңіл бөлген маңызды.
Арман КУРМАНАЛИЕВ