Шаһар бюджеті қайда жұмсалады?
Оралда қалалық мәслихат сессиясының 29-шы кезектен тыс сессиясы өтті. Халық қалаулылары шаһар бюджетін бекітті. Нақтыланған Орал қаласының бюджеті 163,7 миллиард теңгені құрайды. Қазына қаржысы жыл басынан бері 13,3 пайызға өскен. Қаланың қаржысы 8,1 миллиард теңгеге өсті. Қазына қаржысы өзіндік кірісінің есебінен толықты.
Орал қаласының экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Азамат Қадыров қаражаттың қайда жұмсалатынын жіпке тізді.
— Орал қаласының бюджеті 8,1 миллиард теңге соммасында өзіндік кірістер негізінде ұлғайту жоспарланып отыр. Аталмыш қаражатты келесі бағыттарға шығыстау жоспарлануда. 2,8 миллиард теңге әлеуметтік маңызы бар жолаушыларды тасымалдауды субсидиялауға бағытталады. 2 миллиард теңге Орал қаласында санитарияны қамтамасыз етуге, сонымен қатар 309 миллион теңге абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына, 210 миллион теңге жарықтандыру жұмыстарына бағытталатын болады. Сонымен қатар төртінші деңгейдегі ауылдық кенттердің бюджеттеріне 1,1 миллиард теңге соммасында трансферттер қарастырылған. Олар негізінен санитарияны қамтамасыз етуге, жарықтандыру жұмыстарына бағытталатын болады. Бюджетті нақтылау барысында әлеуметтік салаға бір миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде 500 миллион теңге мүгедектігі бар тұлғаларды қажетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге, сонымен қатар 350 миллион теңге инватакси қызметтерін қамтамасыз етуге, 176 миллион теңге әлеуметтік саладағы жартылай стационарлардың қызметін қамтамасыз етуге бағытталады, –деді Азамат Қадыров.
Мәслихат депуттатары қала әкіміне сұрақтарын қарша боратты. Асланбек Аминов Құрылысшы шағын ауданының тұрғындарының сауалдарын ортаға салды. Депутат өткен жылдары ғана көшелерге жол салынғанын айтып, жібі түзу жолдарды биыл жылу магистральдарын ауыстыру үшін қайта бұзғанын айтты. Асланбек Аминов жол мен құбыр алмастыруды жүйелеуге болмайды деп сұрады. Және қалалық депутатқа кәсіпкерлер шағымданыпты. Бизнес субьектілеріне жаңадан құрылған Урбанистика бөлімінің мамандары келіп, тақтайшаны алмастыру керектігін ескертіпті. Депутат осы тұста түсіндіру жұмыстарын жолға қойып, ол үшін жұмыс тобын құруды ұсынды.
Шаһар басшысы жылу магистральдарын қашан ауыстырады деп жол салуды күтіп отыра алмаймыз деп кесіп айтты. Қала әкімі қазір жүзеге асып жатқан жылу құбырларын алмастыру жобасында жолдың жабындысын ретке келтіру үшін қаражат қарастырылғанын атап өтті. Қазылған жолдарды жөндеуді қадағалауды тұрғын үй-коммуналды шаруашылығының басшысы Асылжан Хайруллинге тапсырды.
Депутат Азима Губашева жақында оқу жылы басталып, балалардың қауіпсіздігі үшін жарықтандыру мәселесін тілге тиек етті. Оның бұл сауалдарына әкім Мұрат Байменов облыс орталығында «Қауіпсіз өңір» атты бағдарлама жүзеге асып жатқанын, соның арқасында мектеп пен балабақшаның маңын жарықтандыруға кіріскенін жеткізді. Қазына қаржысы тапшы болуына байланысты бұл істі кәсіпкерлердің демеушлігінің арқасында іске асырып жатыр.
Ал, депутат Айсауытов 500 миллион теңгеге мүгедектігі бар жандарға қанша құрал сатып алынады? 350 миллион теңгеге не алысады деп сұрақ астына алды. Оның бұл сауалына жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ерболат Каримов мүгедектігі бар жандар өздеріне қажетті тауарларды портал арқылы алады. Қазір қандай тауар керек екенін дөп басып айта алмаймыз. Кейін ақшасы төлегесін, қандай тауар алынғаны туралы есеп береміз деп айтты.